- Басты бет
- Жастар ұйымдары
- ТДМ №4: ҚазҰУ-да Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар кешені ұйымдастырылды
ТДМ №4: ҚазҰУ-да Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар кешені ұйымдастырылды
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мазмұнды әрі ауқымды тәрбиелік-танымдық іс-шаралар кешені ұйымдастырылды. Аталған шаралардың басты мақсаты – студент жастардың бойында отансүйгіштік сезімді нығайту, тәуелсіздік тарихын терең түсіндіру және ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру болды.
Мерекелік бағдарлама аясында «Тәуелсіздік таңы», «Ұлт рухы және тәуелсіздік тарихы», «Тарихқа тағзым, болашаққа аманат», «Тәуелсіздік тағылымы: рух, сана және болашақ жауапкершілігі», «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз», «Тұғыры биік тәуелсіздік», «Тәуелсіздік – ел тірегі», «Тәуелсіз елім – Қазақстан», «Біз – Тәуелсіз елдің жастары», «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік», «Құдірет пен ұлылықтың бейнесі» және басқа да тақырыптарда ашық кураторлық сағаттар өткізілді.
Сонымен қатар «1991 жылғы 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының еркіндік және тәуелсіздік күні», «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат», «Желтоқсан рухы – Тәуелсіздік бастауы» тақырыптарында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолы, Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы және ел дамуының негізгі кезеңдері кеңінен талқыланды.
Мереке аясында студенттердің белсенді қатысуымен бейнеқұттықтаулар, флешмобтар, музейге танымдық саяхаттар ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында тарихи-танымдық викторина өткізілді. «16 фактов о Казахстане» атты челлендж аясында студенттер әлеуметтік желілерде Қазақстан туралы қызықты деректермен бөлісті.
Іс-шаралар легі «Тамыры терең Тәуелсіздік» атты мерекелік кешпен қорытындыланды. Сонымен қатар университет жатақханаларында тұратын студенттер мерекенің мәні мен маңызын айшықтайтын безендіру жұмыстарын жүргізіп, Тәуелсіздік күніне арналған ерекше мерекелік атмосфера қалыптастырды.
Аталған іс-шаралар студент жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, ұлттық рухты нығайтуға, тәуелсіз Қазақстанның құндылықтарын терең ұғынуға зор ықпал етті.







Басқа жаңалықтар