Түркі тілдері мен өркениет сабақтастығы сараландыFarabi University

Түркі тілдері мен өркениет сабақтастығы сараланды

15 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мен Түркі тілдері күні аясында «Алуантүрліліктегі бірлік: түркі тілдері және әлемдік өркениет» тақырыбында ғылыми-білім беру семинары өтті. Шара түркі халықтарының тілдік және мәдени мұрасын сақтау, зерделеу және оны заманауи өркениет кеңістігінде дамыту мәселелеріне арналды.

Ғылыми семинарды ҚазҰУ-дың Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты мен Фараби кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды. Оған түркітану, славистика, философия, кітапхана ісі және цифрлық гуманитаристика салаларындағы жетекші мамандар, сондай-ақ жас зерттеушілер мен студенттер қатысты.

Семинар аясында профессор, ҚазҰУ Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры Нұрсұлу Шаймерденова «Түркі-славян контексіндегі шындықты тану: глостан –  жасанды интеллект пен медиадискурсқа дейін» тақырыбында баяндама жасады. «Бүгінгі таңда тіл тек дәстүрлі коммуникация құралы емес, ол жасанды интеллект, медиакеңістік арқылы жаңа деңгейге көтерілуде. Түркі тілдерінің осы үдерістерге бейімделуі – ғылым мен білім алдындағы маңызды міндет», – деді ғалым.

Ал Түркітану және алтайтану ҒЗИ Қолжазбалар зертханасының жетекші маманы, PhD Аққұралай Іскендір «Эпистолярлық мұраның сақталуы және оның Еуразиялық мәдени модельді қалыптастырудағы маңызы» тақырыбында баяндама жасап, тарихи жазба деректердің ғылыми құндылығына тоқталды.

Семинарға Әзірбайжан, Қырғызстан, Чувашия, Өзбекстан, Ресей (Якутия) және Қазақстанның жетекші ғалымдары құттықтау сөздерін жолдап, түркі әлемінің мәдени бірлігін айшықтады.

Сонан соң семинар «Түркі мұрасын сақтау, зерттеу және танымал ету стратегиялары» атты пікірталас алаңына ұласты. Қатысушылар түркі қолжазбаларын цифрландыру, электрондық репозиторийлер мен ашық қолжетімділік жүйелерін дамыту, кітапхана мен ғылыми-зерттеу институттарының гуманитарлық сараптама орталығы ретіндегі рөлі жөніндегі пікірлерін ортаға салды.

Бұл ғылыми-білім беру семинары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан «Қоғамның рухани жаңғыруы жағдайындағы Қазақстанның түркі тілдері: графикадан – эпикалық мәтінге» атты ғылыми жоба шеңберінде өткізілді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі