Түркі медиасы: жаһандану дәуіріндегі жаңа бағытFarabi University

Түркі медиасы: жаһандану дәуіріндегі жаңа бағыт

16 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Тәуелсіздік күні мен Дүниежүзілік түркі тілдері күніне орай, «Жаһандану дәуіріндегі түркітілдес медианың даму келешегі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті. Маңызды басқосу түркітілдес елдердің ақпараттық кеңістіктегі ықпалдастығы мен медианың болашағын талқылауға арналды.

Шараны журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай ашып, Тәуелсіздік күнінің және Дүниежүзілік түркі тілдері күнінің тарихи әрі рухани маңызына кеңінен тоқталды. Ол Тәуелсіздік ұлттық тіл мен ақпарат кеңістігінің еркін дамуына жол ашқан басты құндылық екенін атап өтті. Ал түркі тілдерінің сақталуы және медиадағы белсенді қолданысы – ортақ рухани мұраны жаңғыртудың маңызды тетігі. «Тәуелсіздік бізге өз тілімізде еркін сөйлеуге, ұлттық мүддені ашық қорғауға мүмкіндік берді. Ал түркі тілдері күні – бауырлас халықтардың рухани бірлігін айқындайтын маңызды мереке. Жаһандану дәуірінде осы құндылықтарды медианың көмегімен сақтап, дамыта білу – журналистер алдындағы үлкен жауапкершілік», – деді факультет деканы.

Дөңгелек үстелде ЮНЕСКО-дағы журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Орынтай Ошанова баяндама жасап, халықаралық ұйымның түркітілдес мемлекеттермен ынтымақтастығы жөнінде кеңінен ақпарат берді. Оның айтуынша, ЮНЕСКО аясында түркі тілдерінің медиа, білім және мәдениет саласында дамуына бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. «Түркі әлемінің ақпараттық әлеуетін күшейту – тек аймақтық емес, жаһандық деңгейдегі маңызды міндет», – деді ол.

Сонымен қатар ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ҚазҰУ-дағы ресми өкілі, аға оқытушы Ләзиза Нұрпейіс, докторант Тұлпар Жәнібек және магистрант, Әзірбайжан Республикасынан келген Гүлнар Магеррамова және өзге де қатысушылар сөз сөйлеп, ТҮРКСОЙ ұйымының түркітілдес мемлекеттердің ақпарат кеңістігіндегі орны мен Түркия масс-медиасының түркі әлемі туралы ақпарат тарату тәжірибесіне қатысты пікірлерін ортаға салды.

Жиын барысында қатысушылар жаһандану жағдайында түркітілдес медианың даму бағыттарын талқылап, ортақ ақпараттық кеңістікті қалыптастырудың және Тәуелсіздік құндылықтары мен түркі халықтарының рухани бірлігін ұлықтаудың маңызын атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі