ҚазҰУ-да ICPC бағдарламалау турнирі өтудеFarabi University

ҚазҰУ-да ICPC бағдарламалау турнирі өтуде

16 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да әлемдегі ең беделді әрі ауқымды студенттік бағдарламалау жарыстарының бірі — ICPC Northern Eurasia Finals (Солтүстік Еуразия финалы) халықаралық студенттік бағдарламалау сайысының жартылай финалдық кезеңі өтуде.

Солтүстік Еуразия өңірінің жетекші жоғары оқу орындарынан жиналған үздік студенттік командалар бас қосқан бұл кезең халықаралық турнирдің әлемдік финалына іріктеудегі маңызды әрі шешуші саты болып саналады.

Білімділер байқауының ашылу салтанатында ҚазҰУ Басқарма мүшесі – қаржы-шаруашылық мәселелері және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректор Абдрахман Тасыбаев қатысушыларды құттықтап, жарыстың білім беру жүйесіндегі маңызын атап өтті.

«ICPC – академиялық үздіктікті, зияткерлік көшбасшылықты және командалық жұмысты дәріптейтін халықаралық деңгейдегі жарыс. Бұл құндылықтар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың миссиясымен толық үндес. Университет инженерлік және IT-білім берудің заманауи бағыттарын, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласын жүйелі түрде дамытып келеді», – деді проректор.

Іс-шара барысында Спорттық бағдарламалау федерациясының бас хатшысы Данабек Қалиаждаров сөз сөйлеп, ICPC секілді халықаралық турнирлердің жастардың IT-құзыреттерін дамытудағы, командалық жұмыс дағдыларын қалыптастырудағы және кәсіби ортаға бейімдеудегі рөлін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жарыстар студенттердің креативті ойлау қабілетін дамытып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді.

Жартылай финалға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы да қатысуда. Команда құрамында ақпараттық технологиялар факультетінің студенттері Дәулет Асуов (деректертану), Дәулет Хамзин (ақпараттық жүйелер) және Ермек Нұрбақыт (криптология).

Байқауға қатысушылар өз университеттерін ғана емес, сонымен қатар өз елдерінің ғылыми-техникалық әлеуетін де таныстырады. Жартылай финал жаңа идеялардың қайнар көзі болып, қатысушылардың кәсіби тұрғыда өсуіне ықпал етеді.

ICPC халықаралық студенттік бағдарламалау сайысының қорытындысы ертең 17 желтоқсанда жарияланады.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі