Ректор Еуразиялық университеттер қауымдастығы кеңесінің отырысына қатыстыFarabi University

Ректор Еуразиялық университеттер қауымдастығы кеңесінің отырысына қатысты

17 желтоқсан, 2025

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Еуразиялық университеттер қауымдастығы кеңесінің отырысына қатысып, оқу ордасының халықаралық ынтымақтастық саласындағы жұмыс нәтижелерін таныстырды.

Еуразиялық университеттер қауымдастығы (ЕУҚ) – бүгінде ТМД елдерінің ұлттық университеттерін, жетекші өңірлік жоғары оқу орындарын және Еуразиялық аймақ мемлекеттерінің беделді жоғары білім беру ұйымдарын біріктіретін әрі ықпалды халықаралық құрылым.

Биылғы отырысты Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий жүргізді. ЖОО басшылары «Еуразиялық университеттер: тарихи жады мен дәстүрлердің сақтаушылары», «Еуразиялық университеттер және халықаралық рейтингтер: салыстырмалы талдау», сондай-ақ «БРИКС елдері университеттері рейтингінің екінші шығарылымы «Университеттердің үш миссиясы» және басқа да өзекті мәселелерді талқылады.

Университет басшысы Жансейіт Түймебаев «Халықаралық ынтымақтастық – ҚазҰУ-дың жаһандық рейтингтердегі орнын арттырудың негізгі драйвері» тақырыбында баяндама жасады. Ректор серіктес жоғары оқу орындары желісін кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, бұл тәжірибе алмасуға, озық тәжірибелерді енгізуге және бірлескен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретінін айтты. ҚазҰУ халықаралық серіктестіктерді Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда тиімді пайдаланып келеді. Университеттің шетелдік жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы бірлескен жобалар мен білім беру бағдарламаларын іске асыруға жол ашады. Бүгінде ҚазҰУ  шетелдік білім беру мекемелерімен, ғылыми орталықтармен және өзге де ұйымдармен 700-ден астам келісім жасаған.  Оның ішінде 27-ден астамы 2025 жылы қол қойылған.

Scopus дерекқорындағы жиынтық Хирш индексі 2023 жылғы 4878-ден 2024 жылы 5365-ке дейін өсті. 2024 жылы шетелдік ғалымдармен бірлескен жарияланымдардың үлесі 49,1 пайызды құрады. ҚазҰУ-дың ғылыми журналдарында 966 мақала жарық көрді, оның 125-і ағылшын тіліндегі басылымдарда жарияланған. 2025 жылы Scopus және Web of Science базаларындағы шетелдік ғалымдармен бірлескен жарияланымдар саны 931-ге жетті. Бұл көрсеткіштердің өсуі халықаралық жобалар мен серіктестіктерге белсенді қатысу нәтижесінде жүзеге асуда. ҚазҰУ Еуропа, Азия, Ресей және ТМД жетекші университеттерімен бірлесіп 60-тан астам қосдипломды білім беру бағдарламаларын іске асырады.

ҚазҰУ басшысының Еуразиялық университеттер қауымдастығы кеңесінің отырысына қатысуы жинақталған тәжірибемен бөлісуге ғана емес, өзге де жоғары оқу орындарымен берік академиялық және зерттеу байланысын орнатуға, бірлескен жобаларды бастауға, студенттер мен оқытушылар алмасуға, сондай-ақ ЖОО-ны дамыту үшін халықаралық ресурстар мен үздік тәжірибелерді тартуға мүмкіндік береді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі