Экономиканы цифрлық талдауға басымдық беріледі
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Хэнань қаржы-экономикалық университеті (Henan Finance University) делегациясымен кездесті.
Жүздесуде ректор Қытай университеттерімен өзара тиімді әріптестіктің жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ҚазҰУ базасында Қытай индустриялық серіктестері қатысатын алдыңғы қатарлы технологиялар бойынша бірлескен қазақ-қытай ғылыми-білім беру орталығын құру мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде цифрлық технологиялар, робототехника, ЖИ, аэрокосмостық және атомдық технологиялар аталды.
Хэнань қаржы-экономикалық университетінің ректоры Ван Сюэюнь Henan Finance University-ді қаржы-экономикалық сала кадрларын даярлайтын, мықты кадрлық базасы мен кең студенттік құрамға ие университет ретінде сипаттады. Ол университеттің «қаржы+технология» және «қаржы+білім» саласындағы көпсалалы бағдарламаларды белсенді дамытып жатқанын атап өтті. Құрметті қонақ сондай-ақ екіжақты алмасу бағдарламаларын, бірлескен зерттеулер мен практикалық қолданбалы жобаларды кеңейтуге қызығушылық танытты.
Кездесу барысында тараптар академиялық өзара іс-қимылды тереңдету мақсатында ынтымақтастық меморандумдарын дайындау, қос диплом бағдарламаларын әзірлеу және бірлескен лабораторияларды, соның ішінде цифрлық технологиялар мен экономикалық талдау салаларын іске қосу жолдарын талқылады.
Ресми бөлім аяқталған соң, делегация университет музейін аралап, бірлескен фотосессия өткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі