ҚазҰУ студенттеріне POSCO стипендиясы табысталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Кореядағы POSCO корпорациясының Орталық Азия бойынша бөлімінің бас директоры Мун Сангюды қабылдады.
Кездесуде Мун Сангю халықаралық қатынастар, филология, заң, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде оқитын 10 үздік студентке POSCO корпорациясының атынан арнайы бір реттік атаулы стипендияны салтанатты түрде табыстады.
Кейін тараптар серіктестікті арттыру және ортақ жобаларды іске асыру бойынша пікір алмасты.
Жансейіт Түймебаев құрметті қонаққа оқу ордасының ғылыми әлеуетін таныстырып, бүгінгі студенттерге берілген стипендия жастар үшін үлкен қолдау екенін жеткізді.
«Білім алушы жастарға көрсетілген қаржылай қолдау үшін POSCO корпорациясына зор ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта ынтымақтастықты кеңейтіп, ауқымды бастамаларды бірлесе жүзеге асыру маңызды. Серіктестік аясында ҚазҰУ қызметкерлерін Кореядағы POSCO компаниясында тағылымдамадан өткізу мәселесін қарастыру қажет. Бұл тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар POSCO корпорациясының орталығын университет базасында ашуды ұсынамын», – деді ректор.
Өз кезегінде Мун Сангю ілтипат білдіргені үшін ЖОО басшылығы мен ұжымына алғыс айтып, аталған барлық ұсыныстарды қолдауға дайын екенін жеткізді. Қонақ POSCO корпорациясы мен ҚазҰУ арасындағы әріптестік болашақта жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі