ҚазҰУ халықаралық ғылыми диалогқа қатысты
Бішкек қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалында Қырғыз Республикасының Халықаралық университетімен бірлесіп «Орталық Азия мен Шығыс: саясат, экономика және мәдениеттегі тоғысулар» тақырыбында халықаралық студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Форумға Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және басқа да елдерден студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас зерттеушілер қатысты. Конференция офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, кең ауқымды халықаралық және университетаралық ғылыми диалогты қамтамасыз етті.

Пленарлық отырыстың ашылуында қатысушыларға ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов құттықтау сөз сөйлеп, қазіргі таңда Орталық Азия мен Шығыс елдері күрделі саяси-экономикалық және мәдени үдерістердің тоғысқан орталығында тұрғанын атап өтті. «Жастардың ғылыми бастамаларын қолдау, зерттеушілік құзыреттерін дамыту және студенттерді халықаралық академиялық ынтымақтастыққа тарту – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың стратегиялық басымдықтарының бірі», – деді проректор.

Сондай-ақ құттықтау сөздерімен Бішкек қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалының директоры Жамин Шейшенов, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігінің бірінші хатшысы Қазыбек Жүсіпахметов, Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Халықаралық қатынастарды талдау орталығы сараптамалық кеңесінің мүшесі, «Ой-Ордо» сараптамалық бастамалар орталығының директоры Игорь Шестаков және басқа да спикерлер сөз сөйледі.

Конференция жұмысы үш тақырыптық секция аясында жалғасты: «Орталық Азия мен Шығыс елдеріндегі саяси үдерістер және халықаралық қатынастар», «Орталық Азия мен Шығыс елдерінің экономикалық, әлеуметтік және басқарушылық даму үдерістері», «Мәдени байланыстар, гуманитарлық өзара іс-қимыл және мәдениетаралық диалог». Секциялық отырыстар барысында халықаралық қатынастар мен қауіпсіздік, экономика, басқару және цифрландыру, мәдениет пен мәдениетаралық диалог мәселелері талқыланды.

Қатысушылардың пікірінше, мұндай ғылыми форумдар жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, академиялық ұтқырлықтың дамуына, сондай-ақ студент жастардың зерттеушілік және сараптамалық құзыреттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Конференция соңында салтанатты марапаттау рәсімі өтіп, белсенді қатысушыларға сертификаттар, үздік баяндама авторларына арнайы дипломдар табысталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар