Омбыдағы ҚазҰУ филиалында кәсіби бағдар беру кездесуі өттіFarabi University

Омбыдағы ҚазҰУ филиалында кәсіби бағдар беру кездесуі өтті

19 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбы қаласындағы филиалында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мен халықаралық қатынастар факультетінің 30 жылдығына арналған кәсіби бағдар беру кездесуі өтті.

Ашық диалог форматында ұйымдастырылған іс-шараға дипломатиялық қызмет өкілдері, мемлекеттік органдар, академиялық қауымдастық мүшелері мен студенттер қатысты.

Кездесуге құрметті қонақтар ретінде Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы бас консулы Керім Қожамбердиев, Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Омбы қаласындағы өкілі Елена Генова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Омбы филиалының директоры Мұрат Жанғазиев, сондай-ақ Омбы кеден басқармасы басшысының міндетін атқарушы, кеден қызметінің полковнигі Дмитрий Лунёв қатысты.

Қазақстан Республикасының Омбыдағы бас консулы Керім Қожамбердиев өз сөзінде дипломатиялық қызметтің басым бағыттарына, шетелде жүрген азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталып, Қазақстан мен Ресей өңірлері арасындағы байланыстарды дамытудағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

«Мұндай кездесулер теория мен практиканың арасындағы шекараны жояды, – деді ҚазҰУ-дың Омбы филиалының директоры Мұрат Жанғазиев. – Студенттер үшін бұл – баға жетпес тәжірибе әрі зор мотивация. Дәрісханаларда алынған білімнің Қазақстан мен Ресей арасындағы достықты нығайту жолындағы нақты істерде жүзеге асуын көру – ең үздік оқу материалы».

Диалогтың негізгі тақырыптары Қазақстан мен Ресей арасындағы практикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған білікті кадрлар даярлау мәселелері болды. Кездесу барысында студенттер дипломатиялық қызмет, сыртқы саяси мекеме және кеден органдары өкілдерімен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Іс-шара тәжірибелі мамандар мен жас буын арасындағы өзара байланыстардың маңыздылығын айқындап, студенттердің өз еліне қызмет етуге және Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестік қатынастарды дамытуға деген ұмтылысын арттырды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі