ҚазҰУ-да ЖОО мен ҒЗИ басшыларының кеңейтілген жиыны өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғылыми-зерттеу институттары директорларының кеңейтілген жиыны өтті.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым мен жоғары білім саласын дамытуға қатысты жүктеген негізгі міндеттері талқыланды. Атап айтқанда отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ғылыми зерттеулердің сапасын көтеру, университет ғылымын өндіріс пен қоғам қажеттілігіне бағыттау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Еркін форматта ұйымдастырылған кездесуге ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, ҚР ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Гүлзат Көбенова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысты.
Жиында вице-премьер Аида Балаева ғылым мен жоғары білім елдің стратегиялық дамуының маңызды тірегі екенін атап өтіп, бұл салада жүйелі реформаларды іске асырудың маңыздылығына тоқталды. «Ғылым мен жоғары білім – елдің тұрақты дамуының негізгі тірегі. Университеттер мен ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосатын орталыққа айналуы тиіс. Сондықтан нарыққа бейімделіп жұмыс істеу заман талабы», – деді Аида Ғалымқызы.
Өз кезегінде ҚР ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Гүлзат Көбенова министрлік тарапынан отандық ғылымды дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға, ғылыми инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Қазіргі таңда мектеп бітірген түлектер аймақтардағы университеттерді таңдап, сол оқу орындарына түсуде. Бұған әр облыста ашылып жатқан шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының ықпалы зор. Сондықтан әрбір университет өз инфрақұрылымын дамытып, білім алушы жастар санының артуына дайын болуы тиіс. Бүгінде отандық ғалымдардың 40 пайыздан астамын жастар құрайды. Мемлекет басшысының қолдауымен жас зерттеушілерге пәтер беріліп, олардың ғылыми қызметпен айналысуына барлық жағдай жасалуда», – деді вице-министр.

Шарада ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев баяндама жасап, университет өзінің дәстүрлі ғылыми мектебін заман талабына сай әлемдік озық тәжірибелермен ұштастырып келе жатқанына тоқталды. «Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Білім мен ғылымға озық халықаралық тәжірибе ауадай қажет. Университеттер мен ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық болуы керек», – деп атап өткен болатын. ҚазҰУ-да 39 ғылыми орталық пен 140 зертхана, 400-ге жуық ғылыми жоба іске асырылуда. Соңғы жылдары 110 миллион доллардан астам инвестиция тартылды, 50 заманауи зертхана ашылды. Мемлекет басшысы отандық ғылымды заман талабына бейімдеп, барлық салаға жасанды интеллект технологияларын енгізуді тапсырды. Бұл бағытта оқу ордасы ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып келеді», – деді Ректор.

Жиын соңында қатысушылар ғылым мен жоғары білім саласын одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстарын білдіріп, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Кейін премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы бастаған делегация мүшелері ҚазҰУ баазсындағы Farabi HUB ғылыми орталығын аралап, оқу ордасының ғалымдары жүзеге асырып жатқан инновациялық жобалар көрсетілді. Сонымен қатар вице-премьерге химия, биология, физика, нанотехнология, биотехнология бағытындағы ғылыми жобалардың нәтижелері баяндалды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар