ҚазҰУ Үндістанмен білім коллаборациясын нығайтудаFarabi University

ҚазҰУ Үндістанмен білім коллаборациясын нығайтуда

23 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев үндістандық делегацияны қабылдады.

Кездесу барысында тараптар халықаралық білім беру нарығындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін, соның ішінде ҚазҰУ-ға үндістандық талапкерлерді тарту тетіктерін талқылады.

Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың халықаралық әріптестікті кеңейтуге ерекше мән беретінін атап өтіп, шетелдік студенттер контингентін арттыру университеттің стратегиялық даму басымдықтарының бірі екенін жеткізді. Ректор Үндістанмен білім және ғылым саласындағы байланысты нығайту екіжақты тиімді серіктестікке жол ашатынын айтты.

Сонымен қатар Жансейіт Қансейітұлы медицина және денсаулық сақтау факультетінен бөлек, университеттің өзге де факультеттерінде Үндістаннан келген студенттердің санын арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Үндістандық компания өкілдері өз кезегінде Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны ретінде ҚазҰУ-дың әлеуетіне жоғары баға беріп, университетті Үндістан жастары арасында кеңінен танытуға мүдделі екендіктерін білдірді. Олар шетелдік студенттерді іріктеу, кеңес беру және академиялық ұтқырлықты дамыту бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі