Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «ZooStan» қазақ-француз халықаралық ғылыми орталығының директоры Уильям Рендю Орталық Азия халықаралық зерттеулер институты (ОАХЗИ) жариялаған гранттық конкурс жеңімпазы атанды.
Гранттық қолдауға ие болған жоба – «Орталық Азиядағы неолиттің пайда болуы: Сазаған мәдениеті және оның археологиялық контексі». Зерттеудің басты мақсаты – Еуразия аумағындағы неолиттену үдерісі тұрғысынан әлі де жеткілікті зерттелмеген аймақтардың бірі саналатын Зеравшан өңіріндегі ерте неолит мәдениеттерін кешенді, пәнаралық тұрғыда зерделеу.
Сазаған мәдениетінің археологиялық ескерткіштері соңғы ондаған жыл бойы Ш.Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Нурмахаммад Холматовтың жетекшілігімен зерттеліп келеді. Жаңа жоба осы ғылыми дәстүрдің жалғасы ретінде ғалыммен тығыз әріптестікте жүзеге асырылуда.
Зерттеу аясында ежелгі халықтың өмір сүру стратегиялары, керамика және тас құралдарын өндіру технологиялары қайта қалпына келтіріледі. Сонымен қатар биоархеология, археоботаника және абсолютті мерзімдеу әдістерін қоса алғанда, заманауи аналитикалық тәсілдердің кең спектрі қолданылады.
Жоба Қазақстан, Өзбекстан, Франция және Польша елдерінің ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Бұл оның халықаралық сипатын және жоғары ғылыми маңызын айқындайды. Мұндай ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, академиялық ұтқырлықты дамытуға және қазақстандық ғылымды жаһандық зерттеу кеңістігіне интеграциялауға жол ашады.

Ғалымдардың айтуынша, аталған жобаның іске асуы Орталық Азияның ежелгі тарихын зерттеуге елеулі үлес қосып, өңірдегі алғашқы егіншілік қоғамдардың қалыптасу үдерістерін жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар