ҚазҰУ онлайн-курсы Coursera платформасында жарияланды
Coursera халықаралық білім беру платформасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жаңа авторлық «Онлайн-курсты әзірлеу: теориядан – практикаға» атты онлайн-курсы іске қосылды.
Курстың авторлары – Білім беру үдерісінің сапасын қамтамасыз ету басқармасының басшысы, филология ғылымының кандидаты Әсел Мусинова, Академиялық және цифрлық инновациялар офисінің бас маманы, педагогика ғылымының кандидаты Айнұр Арыстанова, сондай-ақ ақпараттық технологиялар магистрі Петр Нестеренков.

Бағдарлама оқытушылардың академиялық тәжірибесін заманауи, сұранысқа ие цифрлық білім беру өніміне айналдыруға бағытталған. Курс білім беру ұйымдарының барлық деңгейіндегі педагогикалық қызметкерлерге, сондай-ақ педагогикалық мамандықтарда білім алып жүрген студенттерге арналған.
Курстың мазмұны педагогикалық дизайнның халықаралық стандарты – ADDIE моделіне, сондай-ақ ҚазҰУ-дың Open KazNU білім беру платформасында жаппай ашық онлайн-курстарды әзірлеу және іске асыру бойынша жинақталған көпжылдық практикалық тәжірибесіне негізделген.

Әсел Мусинованың айтуынша, бұл курс дәстүрлі бейнедәрістерден интерактивті оқыту форматына көшуге мүмкіндік береді. Тыңдаушылар онлайн-курсты әзірлеудің барлық кезеңдерін – мақсатты аудиторияны талдаудан және оқу мақсаттарын айқындаудан бастап, педагогикалық сценарийді жобалау мен оқыту нәтижелерін бағалауға дейін толық меңгереді. Сонымен қатар оқу нәтижелерін дұрыс тұжырымдау, тиімді бағалау құралдарын таңдау және кешенді оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу дағдыларын қалыптастырады.

Бағдарламада онлайн-платформаларда жұмыс істеу ерекшеліктеріне, тыңдаушылармен өзара әрекеттесу тетіктеріне және жаппай ашық онлайн-курстар (ЖАОК) саласындағы өзекті әлемдік үрдістерге ерекше назар аударылады. Бұл қатысушыларға халықаралық аудиторияға бағытталған білім беру курстарын жобалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тыңдаушылар қашықтан білім берудің қалыптасу тарихымен танысады.
Оқу нәтижесінде қатысушылар өздерінің авторлық онлайн-курсына арналған жан-жақты әзірленген педагогикалық сценарийді ұсынады. Бағдарламаны сәтті аяқтағандар жаңа кәсіби құзыреттерді меңгергенін растайтын сертификат алады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Coursera жобасының серіктесі ретінде аталған онлайн-курсты платформада орналастыру барысында сараптамалық және техникалық қолдау көрсеткен BMG UpSkill компаниясына алғыс білдіреді.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар