ҚазҰУ-да жаңа энергоорталық ашылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияспен кездесу өткізді.
Жүздесуде жоғары оқу орнының ғылыми-білім беру әлеуетін тиімді пайдалана отырып, энергетика саласына қажетті білікті кадрларды даярлау және заманауи технологияларды дамыту мәселесі қарастырылды.
Атап айтқанда қос тарап оқу ордасының базасында энергетика саласындағы салалық технологиялық құзырет орталығын құру бойынша мәселені талқылап, жұмыс жоспарын бекітті.
Орталықтың мақсаты – Қазақстанның отын-энергетика кешенін цифрлық, инновациялық және озық технологияларды енгізу арқылы заманауи деңгейде дамыту, энергетика саласындағы ғылыми зерттеулерді қолдау және білікті кадрлар даярлау. Орталық ғылыми зерттеулер мен пилоттық жобаларды қолдап, жаңартылатын энергия көздері, көмірсутектерді өндіру мен тасымалдау, электр және жылу энергетикасы сияқты бағыттарда технологиялық шешімдерді енгізуге атсалысады.
Жүздесуде тараптар орталықтың энергетика саласындағы инновациялық жобаларды іске асырудағы рөлін айқындады. Алдағы уақытта университет пен министрлік бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізіп, саладағы озық халықаралық тәжірибелерді Қазақстанға енгізуді жоспарлап отыр.
Салалық технологиялық құзырет орталығы ҚазҰУ базасында ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен құрылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі