Мәжіліс депутаты ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетімен таныстыFarabi University

Мәжіліс депутаты ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетімен танысты

8 қаңтар, 2026

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты Сергей Пономарев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жұмыс сапарымен келіп, оқу орнының ғылыми-білім беру әлеуетімен танысты.

 

Депутат физика-техникалық факультетінде болып, заманауи ғылыми-зерттеу зертханаларды аралап,  Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің ҚазҰУ-дағы филиалы жұмысын дамытудағы стратегиялық бағыттарды талқылау жиынына қатысты.

Халық қалаулысы елдегі жетекші жоғары оқу орнының технологиялық жарақтандырылу деңгейін және ғылымды қажет ететін экономика салалары үшін кадр даярлауға қосып отырған үлесін жоғары бағалады.

Сергей Пономарев оқытушы-профессорлар құрамымен, студенттердің оқу жағдайымен танысып, атом өнеркәсібі мен ядролық медицина салалары үшін халықаралық деңгейдегі мамандар даярлайтын филиалдың жұмысына қанықты.

Кездесу барысында профессор Асқар Давлетов «Шетелдік филиалдар және Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесі» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде жетекші шетелдік білім беру стандарттарын ұлттық жоғары білім беру жүйесіне интеграциялау тетіктерін жан-жақты ашып көрсетті. Асқар Давлетов ҚазҰУ жанындағы НИЯУ МИФИ филиалының жұмысы отандық білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды құралы екенін атап өтті.

Талқылау барысында қатысушылар ынтымақтастықты кеңейту, материалдық-техникалық базаны нығайту және бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруға жағдай жасау мәселелерін көтерді. Сергей Пономарев мұндай білім беру бастамаларын қолдау заң шығарушы биліктің ерекше бақылауында екенін, өйткені техникалық ғылымды дамыту мен инженерлік кадрларды сапалы даярлау республиканың технологиялық егемендігінің негізі екенін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар университеттік ғылымды заңнамалық қолдауды жетілдіру және академиялық орта мен нақты өндіріс секторы арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін дамыту жолдарын айқындады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі