Үрімші қаласының Адвокаттар қауымдастығымен келісім жасалды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсеновтің Үрімші (ҚХР) қаласының Адвокаттар қауымдастығы делегациясымен кездесуі өтті. Келіссөз барысында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылап, нәтижесінде екі ел арасындағы академиялық және кәсіби байланыстарды дамытуға бағытталған меморандумға қол қойылды.

Еркін Ерманұлы ҚазҰУ-дың бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми дипломатияның маңызды алаңына айналғанын атап өтті. Ол университеттің Қытай Халық Республикасының 94 ұйымымен, оның ішінде Бейжің мен Шанхай қалаларындағы жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік орнатқанын айтты. Бірінші проректор ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайтып қана қоймай, тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамудың берік негізін қалыптастыратынын ерекше атап өтті. Сонымен қатар ол цифрландыру, ғылыми-инновациялық қызмет, бірлескен зертханалар мен СБПУ филиалының табысты жұмысын тілге тиек етті.
Өз кезегінде Үрімші қаласының Адвокаттар қауымдастығының төрағасы, «Юэйцзин Инкэ» заң компаниясының директоры Цзинь Сяомэн ҚазҰУ ұжымына алғыс білдіріп, Қытай тарапының Қазақстанмен құқықтық әріптестікті кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Ол теориялық білім мен құқықтық практиканы ұштастырудың маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның жетекші университетімен ынтымақтастық орнатып, практик-заңгерлер мен ғалымдар арасында тәжірибе алмасуға тиімді алаң қалыптастыратынын атап өтті. Бұл, әсіресе, трансшекаралық экономикалық байланыстар қарқынды дамып отырған қазіргі жағдайда өзекті екенін айтты.
Сондай-ақ ол бірлескен бастамалар екі ел адвокаттарының ұлттық заңнамалардың ерекшеліктерін терең түсінуіне мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша қол қойылған меморандум академиялық ұтқырлықты дамыту, оқытушылар мен сарапшылар алмасу, сондай-ақ бірлескен ғылыми-сараптамалық зерттеулер жүргізу бағыттарын қамтиды. Келісім халықаралық құқықтық кеңістікте бәсекеге қабілетті, жаңа буын заңгер кадрларын даярлау ісіндегі өзара іс-қимылды көздейді.
Тараптар аталған әріптестіктің заң ғылымын дамытуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы достық әрі тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі