Этнологтардың қысқы мектебі басталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Этнологияның өзекті мәселелері (әлеуметтік-мәдени антропология): тарих және қазіргі заман» тақырыбындағы этнологтардың қысқы мектебі өз жұмысын бастады.
Қысқы мектеп бағдарламасына Қазақстанның түрлі өңірлерінен 130-дан астам маман қатысуда. Мектептің ашылу салтанатында тарих факультетінің деканы, профессор Досбол Байғонақов пен Археология, этнология және музейтану кафедрасының меңгерушісі, PhD Ринат Жұматаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәтті әрі жемісті жұмыс тіледі.
Іс-шараның жалпы үйлестіру және модерациялау жұмыстары кафедра оқытушылары – тарих ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Меруерт Егізбаева, PhD, аға оқытушы Назира Әбдінасыр, оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші орынбасары, аға оқытушы Айгерім Есенаманова, сондай-ақ аға оқытушы, PhD Айнұр Ермекбаеваның жетекшілігімен жүзеге асырылуда.
Мектеп аясында АҚШ, Бразилия, Венгрия, Англия, Германия, Польша, Индонезия және Орталық Азия елдерінен келген ғалымдардың дәрістерін тыңдау мүмкіндігі ұсынылуда. Бұл қатысушыларға халықаралық ғылыми тәжірибемен танысуға, әлеуметтік-мәдени антропология саласындағы өзекті бағыттар бойынша жаңа ғылыми көзқарастар қалыптастыруға және кәсіби көкжиектерін кеңейтуге жол ашады.
Мектептің ашылу күнінде ҚазҰУ профессоры Аманжол Қалыш қазақ қоғамындағы отбасы мен некенің этникалық аспектілері тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ Дебрецен университетінің (Венгрия) профессоры Габор Бицо әлеуметтік-мәдени антропологиядағы қазіргі теориялық бағыттарға шолу жасап, АҚШ-тан келген профессор Рональд Уайли қазақтардың дәстүрлі конфликт шешу тәжірибесіне арналған этнографиялық зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі