ҚазҰУ-да заңгерлерге арналған онлайн-курс басталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «2027 жылғы конституциялық реформа аясында Қазақстан Республикасының конституциялық және әкімшілік заңнамасын дамытудың проблемалары мен перспективалары» тақырыбында сыртқы тыңдаушыларға арналған сертификатталған онлайн-курс басталды.
Курсты ҚазҰУ заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы ұйымдастырды.

Сертификатталған онлайн-курстың мақсаты – тыңдаушыларда 2027 жылғы конституциялық реформаның негізгі бағыттарын кешенді талдауға қажетті тұрақты базалық теориялық білімдер жүйесін, кәсіби құзыреттер мен практикалық дағдыларды қалыптастыру.
Онлайн-курс университеттің жетекші ғалымдары, профессорлары мен тәжірибелі практик-мамандарының қатысуымен өткізіліп, кәсіби диалогты дамытуға, пәнаралық және трансшекаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ үздік ғылыми және құқық қолдану тәжірибелерімен алмасуға бағытталған.

Курс аясында теориялық-құқықтық, конституциялық-құқықтық және әкімшілік-құқықтық модульдер іске асырылады. Бұл модульдер құқықтық мемлекетті дамыту, конституциялық институттарды жаңғырту және тұрақты даму жағдайында жария басқарудың әкімшілік-құқықтық тетіктерін жетілдіру мәселелерін қамтиды.
Аталған онлайн-курс Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын, атап айтқанда ТДМ 16 – «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» және ТДМ 4 – «Сапалы білім» мақсаттарын іске асыру аясында өткізілуде.

Курс тыңдаушыларының қатарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген қатысушылар, Қытай Халық Республикасының практик-мамандары, алыс және жақын шетелдердің заң пәндерінің оқытушылары, докторанттар, магистранттар мен студенттер бар.
Дәрістер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі, бұл академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және тұрақты халықаралық білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Оқу 23 қаңтарға дейін жалғасады. Курсты сәтті аяқтаған тыңдаушыларға 80 академиялық сағат көлеміндегі сертификат, сондай-ақ ақпараттық-әдістемелік және талдамалық материалдар табысталады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі