Ректор жас ғалымды қабылдадыFarabi University

Ректор жас ғалымды қабылдады

14 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев аға оқытушы, жас ғалым Айжамал Байсейітованы қабылдады.

Кездесуде ғалым өзінің айналысып жүрген ғылыми жобаларын таныстырып, нәтижелері туралы ақпарат берді. Айжамал Байсейітова химия және химиялық технология факультетінде дәріс береді, сондай-ақ ҚазҰУ базасындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында жұмыс істейді. Қазіргі таңда жас зерттеуші  цикорий өсімдігінің қасиетін жан-жақты зерттеп, оның диабетке қарсы әсері бар екенін, қандағы қант деңгейін төмендететінін және зат алмасу процесін реттеуге оң ықпал ететінін анықтаған. Бұған қосымша, адам ағзасында стресс әсерінен пайда болатын радикалдарға қарсы антиоксиданттық белсенділігі бар екенін де дәлелдеді.

Жүздесу барысында Айжамал Байсейітова ғылыми жобасына патент алғанын айтып, болашақта биологиялық белсенді қоспа және емдік шай ретінде нарыққа шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев жас ғалымның ізденістеріне жоғары баға беріп, мұндай ғылыми жобалардың қоғам денсаулығын нығайтуда және отандық ғылымды дамытуда маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ университет басшылығы тарапынан жас зерттеушілерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін, олардың ғылыми бастамалары әрдайым назарда болатынын айтты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі