Кәсіподақ белсенділері Farabi HUB мүмкіндіктерімен танысты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кәсіподақ белсенділері қысқы демалыс кезінде Farabi HUB инновациялық орталығына барды.
Хаб мүмкіндіктерімен танысу Коммерцияландыру және креативті индустрия орталығының маманы таныстырылымынан басталды. Қатысушыларға коворкинг аймақтарын, конференц-залдарды және биотехнологиядан бастап, жасанды интеллектіге дейінгі түрлі бағыттар бойынша зерттеулер жүргізілетін жоғары технологиялық зертханаларды қамтитын көпфункционалды кеңістік көрсетілді.
Зертханаларды аралау барысында кәсіподақ жетекшілері өз факультеттеріндегі жұмыстар туралы баяндады. Р.Рысқалиева химия және химиялық технология факультетінің әзірлемелерімен таныстырып, нарыққа шығуға дайындалып жатқан өнімдер желісін ұсынды. Ж.Құмғанбаев бірегей қазақ-француз «ZooStan» орталығын таныстырды. Әсіресе ZooMS зертханасына ерекше назар аударылды, мұнда протеомдық талдау арқылы сүйек қалдықтары идентификацияланады. Бұл әдіс қазіргі археология үшін үлкен серпіліс болып саналады, себебі жануар түрлерін ең ұсақ бөлшектер арқылы анықтауға мүмкіндік береді. Ж.Шортанбаева наноқұрылымды материалдарды жасау және зерттеу басым бағыт болып табылатын Қазіргі қолданбалы физика және жоғары технологиялар зертханасының қызметі туралы әңгімеледі.
Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының экспозициясы да үлкен қызығушылық тудырды. Ж.Бысығараев биология және биотехнология зертханаларында әзірленген бактерияға қарсы препараттар мен вакцина үлгілерін көрсетті. Халықаралық цифрлық технологиялар институтында белсенділер прототиптеу орталығының, робототехника және жасанды интеллект зертханасының жұмысымен танысты, мұнда 3D-басып шығару технологиялары кеңінен қолданылады.
Бағдарламаның ерекше бөлімі – ҚазҰУ Суперкомпьютер орталығы. Бұл – 400 CPU-сервер мен 30 GPU-серверден тұратын гибридті кластер. Қазіргі таңда суперкомпьютер қуаты күрделі есептерді модельдеу, Big Data өңдеу және қазақ тіліне арналған тілдік модельдер (LLM) мен ЖИ-агенттер секілді ауқымды жобаларды дамыту үшін пайдаланылуда. Орталық ресурстары мемлекеттік органдар мен Алматы қаласының әкімдігі тарапынан бірлескен цифрлық жобаларды іске асыруда сұранысқа ие.
Бүгінде Farabi HUB – тек зерттеу алаңы ғана емес, стартап индустриясының берік негізі. Құрылған инфрақұрылым ғылыми гипотезадан бастап, әзірлемені күнделікті өмірге енгізуге дейінгі жолды едәуір қысқартуға жол ашты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар