Сямынь университетімен бірлескен қысқы мектеп басталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының ұйымдастыруымен Сямынь университетімен (ҚХР) бірлескен қысқы мектеп өз жұмысын бастады. «Мәдениеттер тоғысы: Қазақстан мен Қытай» тақырыбында офлайн форматта өтіп жатқан білім беру бағдарламасына Қытайдың Сямынь университетінен келген 30-дан астам студент қатысуда.

Қысқы мектеп аясында тыңдаушылар Ұлы Жібек жолының тарихы, қазақ халқының рухани мұрасы, дүниетанымы, салт-дәстүрі, ұлттық киімі, тағам мәдениеті мен дәстүрлі ойындары жөнінде кең көлемде мағлұмат алады. Соңғы жылдары шетелдік студенттердің, әсіресе қытай жастарының қазақ мәдениетіне қызығушылығы айтарлықтай артып келеді. Осыны ескере отырып, ұйымдастырушылар алдын ала жүргізілген сауалнама нәтижелері негізінде бағдарламаны арнайы бейімдеді. Қытайтану кафедрасының профессор-оқытушылары қатысушылар үшін мазмұнды әрі танымдық дәрістер әзірледі.

Бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени, тарихи және әлеуметтік байланыстарды терең танып-білу арқылы екі ел жастары арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту, мәдениетаралық коммуникация дағдыларын дамыту және білім мен ғылым саласындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеру.
Қысқы мектептің ашылу салтанатында Қытайтану кафедрасы меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ержан Керімбаев Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің, әсіресе білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл қысқы мектеп Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қытай университеттері арасындағы орнықты байланыстардың нақты нәтижесі.
Сямынь университетінен келген профессор Зың мырза да бұл бағдарламаның екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға зор үлес қосатынына сенім білдірді. Қысқы мектеп 26 қаңтарға дейін жалғасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар