ҚазҰУ-дың құрылған күні танымдық шаралармен атап өтілдіFarabi University

ҚазҰУ-дың құрылған күні танымдық шаралармен атап өтілді

15 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің факультеттерінде еліміздің жетекші университетінің туған күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Оған профессорлық-оқытушылық құрам мен университет студенттері қатысты.

 

Іс-шара барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хаты оқылды. Университеттің соңғы жетістіктеріне тоқталып, ректор ҚазҰУ-дың ғылыми-білім беру және инновациялық экожүйенің флагманы ретінде дамып келе жатқанын, цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы ұлттық басымдықтардың жүзеге асырылуына белсенді қатысып жатқанын атап өтті.

Құрылған ғылыми-білім беру базасы университетке білім мен технологиялық шешімдердің негізгі орталығы болуға мүмкіндік береді. «Биыл жыл басында ҚазҰУ қалашығында  тоғыз қабатты бес жатақхананың құрылысы басталуы қарсаңында естелік капсула салу рәсімі өтті, әр жатақхана 1000 орынға есептелген. Сонымен қатар оқу корпустарын, спорттық-сауықтыру орталығын, қызметкерлерге арналған тұрғын үйді, инновациялық орталықты, ғылыми-зерттеу орталығын және технопаркты салу жоспарлануда. Біз ҚазҰУ-ды дамытудың және жаңғыртудың жаңа дәуірінің шекарасында тұрмыз», – деді ректор.

Кездесуде оқу корпустары мен жатақханалардағы жөндеу жұмыстары, шатырларға орнатылған күн панельдері туралы бейнероликтер көрсетілді. Сонымен қатар декандар, факультеттердің профессорлары мен ғалымдары сөз сөйлеп, қатысушыларды маңызды оқиғамен құттықтады. Сөз сөйлеушілер әрқайсысы үшін альма-матердің білімге, кәсіби дамуға және ғылыми жолға жол ашуда шешуші рөл атқарғанын жеткізді. Университетке алғыс білдіріп, ҚазҰУ-ға білім мен ғылым саласында жаңа жетістіктер мен биіктер тіледі.

Салтанатты іс-шара соңында қатысушылар мен құрметті қонақтар үшін университеттің ғылыми орталықтары мен зертханалары бойынша кампус-тур ұйымдастырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі