ҚазҰУ мен Қызылорда облысы стратегиялық әріптестікті кеңейтедіFarabi University

ҚазҰУ мен Қызылорда облысы стратегиялық әріптестікті кеңейтеді

21 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар аймаққа қажетті білікті кадрларды бірлесіп даярлау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және жоғары оқу орны мен өңір арасындағы өзара тиімді серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады. Әсіресе ғылым мен білімді өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыттау бағытындағы бастамаларға ерекше назар аударылды.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың соңғы жетістіктері жөнінде ақпарат беріп, оқу ордасының даму жоспарын таныстырды. Өз сөзінде ректор университет ғалымдары Қызылорда аумағында түрлі бағытта, соның ішінде Арал теңізі мәселесіне қатысты кешенді ғылыми зерттеулер жүргізіп жатқанын жеткізді.

Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қызылордадан келген 1229 студент білім алады. Бұған қосымша, өңірден шыққан 42 маман түрлі жауапты қызмет атқарады.

Жүздесу барысында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚазҰУ түлектерінің өңірде білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет және кәсіпкерлік салаларында табысты еңбек етіп, аймақтың тұрақты дамуына елеулі үлес қосып жүргенін атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімі жоғары оқу орнымен білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға және бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруға дайын екенін айтты.

Келіссөз барысында қос тарап  Қызылорда облысы әкімдігі мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында екіжақты ынтымақтастық туралы меморандум жасасу туралы мәселені қарастырды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі