Цзяотун университетімен байланыс кеңейедіFarabi University

Цзяотун университетімен байланыс кеңейеді

26 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Шанхай Цзяотун университеті делегациясымен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын одан әрі дамыту жолдарын талқылады.

Жүздесуде ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов Қазақстан мен Қытайдың жаңа стратегиялық әріптестік кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Марғұлан Қасенұлының айтуынша, бүгінде ғылым, білім және технология салаларындағы өзара ықпалдастық екі ел арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, тұрақты әрі бейбіт болашақ қалыптастырудың маңызды тетігіне айналып отыр. Осы үдерісте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми дипломатияның жетекші алаңы ретінде Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдерінің ғалымдарын, инженерлері мен студенттерін біріктіріп келеді.

Сондай-ақ проректор университеттің Қытай Халық Республикасының 94 жоғары оқу орны мен ұйымымен тығыз әріптестік орнатқанын атап өтті. Қол қойылған келісімдер аясында академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары және білім беру бағдарламалары табысты жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қытай Халық Республикасынан келген 2018 студент білім алуда.

Өз кезегінде Шанхай Цзяотун университетінің вице-президенті Чжан Чжаого жылы лебізін білдіріп, университеттің ғылыми-білім беру әлеуетіне тоқталды. Ол оқу орнының халықаралық рейтингтерде жоғары орындарға ие екенін және әлемдік Топ-100 университеттің қатарында екенін атап өтті. Қазіргі уақытта бірқатар білім беру бағыттары мен ғылыми салалар, әсіресе инженерлік және жаратылыстану ғылымдары, медицина, материалтану және ақпараттық технологиялар бойынша Шанхай Цзяотун университеті әлемдік деңгейде көшбасшы білім ордасы саналады.

Сонымен қатар мәртебелі мейман екі жетекші университет арасындағы серіктестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, ғылым мен білім саласындағы бірлескен бастамаларды кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, бірлескен жобаларды іске асыру және академиялық байланыстарды нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ өзара тиімді әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған басым бағыттар айқындалды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі