Ғылыми журналистикаға басымдық беріледіFarabi University

Ғылыми журналистикаға басымдық беріледі

27 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов журналистика факультетінің оқытушы-ғалымдарымен кездесті. Жүздесу университеттің стратегиялық міндеттерін іске асыру, халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерді жақсарту және факультеттің ғылыми әлеуетін арттыру жолдарын талқылауға арналды. 

Жиынды журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай ашып, факультетте жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар мен басым бағыттарға тоқталды. Факультет басшысы соңғы жылдары ғылыми жарияланымдар санының артып келе жатқанын айтып, алдағы уақытта да халықаралық талаптарға сай сапалы зерттеулер жүргізуге басымдық беріліп отырғанын жеткізді.

Өз кезегінде Марғұлан Ибраимов ғылыми журналистиканы дамытудың маңызын ерекше атап өтті. «Ғылыми журналистика – ғылымды көпшілікке түсінікті тілмен жеткізетін маңызды құрал. Ал ғылымды алға жылжыту үшін ең алдымен сапалы кадрлар қажет. Магистратура мен докторантураға қабылдау талаптары күшейтіледі және бұл бағыт қатаң бақылауда болады. Себебі магистранттар мен докторанттар – университеттің ғылыми әлеуетін қалыптастыратын негізгі күш», – деді проректор.

Сонымен қатар Марғұлан Қасенұлы цифрлық журналистика, ақпараттық қауіпсіздік, дата журналистика сынды заманауи ғылыми бағыттардың өзектілігін айтып, Хирш индексі жоғары шетелдік ғалымдармен бірлескен зерттеулер жүргізу, халықаралық журналдарда бірлесіп мақала жариялау және өзара дәйексөз келтіру тәжірибесін күшейту қажеттігін тапсырды.

Жиын барысында Ғылым департаментінің директоры Қуаныш Тастамбек сөз алып, шетелдік рейтингі жоғары журналдарда мақала жариялау мүмкіндіктері мен талаптарын таныстырды. Өз сөзінде ғылымды өндіріспен ұштастыру, практик мамандармен бірлесе жұмыс істеудің артықшылықтарын баяндады.

Кездесу соңында факультеттің оқытушы-ғалымдары, кафедра меңгерушілері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, алдағы ғылыми жұмыс жоспарларын ортаға салды. Тәжірибе алмасып, ғылымды дамыту, оның ішінде журналистика факультетінің ғылыми бағытын жаңа деңгейге көтеру жолдарын саралады. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі