Чеджу ұлттық университетімен серіктестік орнады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов Чеджу ұлттық университетінің шақыруымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің атынан Орталық Азия мен Моңғолия елдеріндегі жоғары білім беруді дамыту тақырыбына арналған халықаралық семинарға қатысты.
Іс-шара білім беру саласындағы өзекті үрдістерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және жаһандық трансформация жағдайында бәсекеге қабілетті кадрлар даярлаудың бірлескен тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды халықаралық алаң болды.

Семинар барысында басталған мазмұнды диалогтың жалғасы ретінде Чеджу ұлттық университеті мен ҚазҰУ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат білім сапасын арттыруға, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуға, сондай-ақ орнықты даму қағидаларына негізделген бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға арналған институционалдық әріптестіктің берік негізін қалайды.

Меморандумды іске асырудың алғашқы практикалық қадамы ретінде Чеджу ұлттық университеті 26-31 қаңтар аралығында «Jeju NextGen AI Future Leaders Camp» білім беру бағдарламасын ұйымдастырады. Бағдарламаға 2-4 курс студенттері қатысып, олардың кәсіби және цифрлық құзыреттерін дамытуға, халықаралық академиялық тәжірибесін кеңейтуге, сондай-ақ инновациялық және орнықты даму жағдайында қажет көшбасшылық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Бағдарламаның маңызды аспектілерінің бірі – қатысушыларға толық қаржылық қолдау көрсету. Мұндай қолдау халықаралық білім беру мүмкіндіктеріне қолжетімділікті арттырып, Тұрақты даму мақсаттарының 4-ші бағытына – баршаға сапалы әрі инклюзивті білім беруге сәйкес келеді.

Аталған бастама халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, мәдениетаралық диалогты нығайтуға және орнықты даму қағидаттарына негізделген адами капитал қалыптастыруға елеулі үлес қосуда. Сонымен қатар жоба Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы жоғары білім беру саласындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар