Ғылыми қызметтің белсенділігі артады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми әлеуетті одан ары нығайтуға бағытталған жоспарлы жүздесулер заң және физика-техникалық факультеттерінде жалғасты.
Оқытушы-ғалымдармен өткен басқосулардың негізгі мақсаты – университеттің халықаралық ғылыми рейтингтердегі көрсеткіштерін арттыру, жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалардың нәтижелерін саралау, сондай-ақ факультеттер деңгейінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жетілдіру мәселелерін талқылау.

Кездесу барысында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов университеттегі ғылыми қызметтің қазіргі ахуалына жан-жақты тоқталып, соңғы жылдары ғылыми жарияланымдар санының бір жарым есеге артқанын, сондай-ақ дәйексөз келтіру көрсеткіштерінің де тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Дегенмен алдағы кезеңде бұл бағыттар бойынша жұмысты одан әрі күшейту қажеттігін айтты.

Оның сөзінше, ғылыми нәтижелердің сапасын арттыруда академиялық сарапшылар пікірінің маңызы зор, сондықтан халықаралық және отандық сарапшылармен тығыз кәсіби байланыс орнатып, бірлескен ғылыми зерттеулер мен сараптамалық өзара іс-қимылды жүйелі түрде дамыту маңызды.

Сонымен қатар Ғылым департаментінің директоры Қуаныш Тастамбек оқытушы-ғалымдардың ғылыми беделін арттыруда зерттеуші профилін кәсіби тұрғыда дұрыс әрі толық толтырудың маңызын түсіндірді. Ол халықаралық дерекқорлардағы авторлық профильдерді біріздендіру, рейтингі жоғары журналдарды дұрыс таңдау және мақала жариялау мүмкіндіктері жөнінде нақты ұсынымдар берді.

Жиын барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ғылыми қызметті ұйымдастыруға қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар