Тарих факультетінің ғылыми әлеуеті артадыFarabi University

Тарих факультетінің ғылыми әлеуеті артады

30 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде ғылыми-зерттеу жұмысын жандандыруға арналған кезекті жиын өтті. Басқосуда факультеттегі ғылыми қызметтің қазіргі ахуалы сараланып, халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерді одан әрі жақсарту және оқытушы-ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру жолдары жан-жақты талқыланды.

Жиын барысында Ғылым және инновациялық жұмыс жөніндегі департамент директоры Қуаныш Тастамбек ғылыми бағыттағы негізгі жетістіктерге тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми жарияланымдары мен оларға жасалған дәйексөздер саны бірнеше есе артқан.

Сонымен қатар ол алдағы кезеңде отандық және шетелдік ғылыми орталықтармен ынтымақтастықты кеңейту, академиялық сараптама мен пікір берудің маңызын арттыру, импакт-факторы жоғары беделді ғылыми журналдарда мақалалар жариялау басты басымдықтардың бірі болып қала беретінін жеткізді. Білікті әрі бәсекеге қабілетті ғылыми кадрларды даярлау мәселесі де күн тәртібінен түспейтін өзекті бағыт ретінде айтылды.

Кездесу барысында тарих факультетінің оқытушы-профессорлық құрамы өз ұсыныстарын ортаға салып, ғылыми ізденістерді жүйелеу, жас ғалымдарды қолдау және ғылыми жобалардың сапасын арттыруға қатысты пікірлерін білдірді. Сондай-ақ алға қойған жоспарларымен бөлісіп, ғылыми ортадағы өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығына назар аударды.

Жиын нәтижесінде ғылыми қызметті жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты міндеттер айқындалып, алдағы жұмыстардың басым бағыттары белгіленді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі