Құқықтық мәдениетті арттыру мәселелері талданды    Farabi University

Құқықтық мәдениетті арттыру мәселелері талданды    

6 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Конституциялық реформа: мемлекеттілікті нығайтудың жаңа кезеңі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, елдің саяси-құқықтық жаңғыруына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Дөңгелек үстел жұмысына ғалымдар, оқытушылар, сала мамандары, жас зерттеушілер және журналистика факультетінің студенттері қатысты.

Талқылауды ашқан журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай конституциялық реформалардың мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, демократиялық институттарды нығайтуға және қоғам мен билік арасындағы сенімді күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының аға оқытушысы Алмас Сақбаев, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының аға оқытушысы Иманбай Жұбай, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының аға оқытушысы Бекжан Әшірбаев және басқа спикерлер өз баяндамаларын жасады.

Спикерлер өз сөздерінде бұқаралық ақпарат құралдарының конституциялық өзгерістердің мәнін түсіндірудегі, қоғамдық пікірді қалыптастырудағы және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырудағы рөлін атап өтті. Журналистиканың саяси-құқықтық жаңғыру үдерістерін объективті, кәсіби және әділ түрде көрсетуге ерекше жауапкершілігі бар екені айтылды.

Дөңгелек үстел барысында ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының аға оқытушысы Артем Асланян «заң үстемдігі» принципіне арнайы тоқталып, бұл қағидаттың заң алдындағы теңдікті, сот жүйесінің тәуелсіздігін және мемлекеттік басқару жүйесінде адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын қамтамасыз ететінін атап өтті.

Спикер Қазақстан Республикасының қазіргі таңда Еуропа Кеңесінің мүшесі болмаса да, аталмыш ұйым аясында жүзеге асырылатын көптеген халықаралық іс-шаралар мен бастамаларға белсенді қатысып жатқанын айтты. Бұл Қазақстанның халықаралық құқықтық стандарттарды ұстануға және құқықтық мәдениетті нығайтуға ұмтылысын көрсетеді. Сондай-ақ Еуропа Кеңесінің қызметі адам құқықтарын қорғау, құқық үстемдігін қамтамасыз ету және демократияны дамыту сияқты үш негізгі қағидатқа негізделетіні айтылды.

Талқылау нәтижелері бойынша қатысушылар конституциялық реформаның өзекті мәселелеріне қатысты өздерінің сараптамалық пікірлерін білдірді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі