ТДМ № 3, 4, 16: ҚазҰУ-да заң мен тәртіпті нығайту мәселелері талқыландыFarabi University

ТДМ № 3, 4, 16: ҚазҰУ-да заң мен тәртіпті нығайту мәселелері талқыланды

9 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қоғамның тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң мен тәртіпті нығайту мәселелеріне арналған кеңейтілген жиналыс өтті. Аталған іс-шара университет оқытушылары мен студент жастарының қатысуымен ұйымдастырылып, құқықтық мәдениетті арттыру, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру және қауіпсіз білім беру ортасын дамыту мәселелерін қамтыды.

Жиналыста заң мен тәртіптің мемлекеттің ғана емес, білім беру ұйымдарының да берік іргетасы екені, университеттің тұлға тәрбиелеудегі, саналы әрі жауапты азамат қалыптастырудағы маңызы айтылды. Кездесудің басты мақсаты – заң талаптарын еске салу ғана емес, тәртіптің мәнін терең түсіну, әрбір студент пен қызметкердің жеке жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ университет қабырғасында қауіпсіз, әділетті және өзара құрметке негізделген орта қалыптастыру жолдарын талқылау болды.

Іс-шара барысында «Наркостоп» қоғамдық қорының аддиктолог маманы Ерлан Беггулаевич зиянды әдеттердің алдын алу, тәуелділіктің психологиялық және әлеуметтік салдары туралы кеңінен тоқталып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы, полиция подполковнигі Алмас Ермұханбетұлы баяндама жасап, құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау, студенттердің құқықтары мен міндеттері жөнінде нақты түсіндірмелер беріп, заңға құрметпен қараудың қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.

Сонымен қатар, университеттегі адалдық пен ашықтық қағидаттарын нығайту мәселелері бойынша Комплаенс бақылау қызметінің басшысы Анар Айтпековна сөз сөйлеп, ішкі бақылау жүйелері мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары туралы ақпарат берді. Ал Жағдаятты басқару орталығының директоры Антаев Тимур Хусанович қауіпсіздік, тәуекелдерді басқару және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету жүйелеріне тоқталды.

Кездесу барысында ҚазҰУ медициналық орталығының меңгерушісі Еркебұлан Жанболатұлы студенттердің денсаулығын сақтау, медициналық қауіпсіздік пен алдын алу шаралары жөнінде баяндама жасады.

Аталған іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірнеше бағытымен тікелей үндеседі. Атап айтқанда, ТДМ 3 – Салауатты өмір салты және әл-ауқат, ТДМ 4 – Сапалы білім, сондай-ақ ТДМ 16 – Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар мақсаттарына сәйкес келеді. Себебі жиын барысында жастардың денсаулығын сақтау, құқықтық сауаттылықты арттыру, қауіпсіз әрі әділетті білім беру ортасын қалыптастыру мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Кездесу барысында көтерілген мәселелер университет қабырғасында қауіпсіз, әділетті және өзара құрметке негізделген орта қалыптастырудың маңызын тағы бір мәрте айқындады. Спикерлер тарапынан ұсынылған ой-пікірлер мен тәжірибелік ұсынымдар студент жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға деген құрметін күшейтуге және азаматтық белсенділігін дамытуға оң ықпал етеді деген сенім білдірілді. Аталған іс-шара алдағы уақытта да осындай бағыттағы жүйелі жұмыстарды жалғастырудың өзектілігін көрсетті.