Гарвард университетімен серіктестік артады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Гарвард университетіндегі Чан қоғамдық медицина мектебінің академиялық істер жөніндегі деканы Хорхе Чавваромен кездесу өткізді.
Тараптар білім беру мен ғылым саласында ортақ жобаларды іске асырудың мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар студенттер мен жас ғалымдарды академиялық ұтқырлық арқылы алмасу, жаңа ғылыми әдістерді үйрену үшін жағдай жасау маңызды екені айтылды.

Жансейіт Түймебаев өз сөзінде ҚазҰУ-дың ғылым мен білім саласындағы бүгінгі жетістігін айтып, университеттің АҚШ ЖОО-ларымен жасаған келісімі жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ ректор ҚазҰУ базасында медицина және денсаулық сақтау факультеті табысты жұмыс істейтінін жеткізді. Осы тұрғыда оқу ордасының басшысы ҚазҰУ-дың медицина факультеті мен Чан қоғамдық медицина мектебі ортақ инновациялық жобаларды іске асыруды, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуді ұсынды.
Өз кезегінде Хорхе Чавваро жүздесуде айтылған барлық ұсыныс-пікірлерді қолдайтынын айтып, ҚазҰУ-мен әріптестік байланыста жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
Қос тарап алдағы жұмыс жоспарын бекітіп, кездесуде айтылған ұсыныстар жөнінде меморандум жасасуға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар