Ғылымдағы гендерлік теңдік мәселесі талданды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да БҰҰ-ның «Гендерлік теңдік» Тұрақты даму мақсаттары аясында ғылым саласындағы гендерлік теңдік мәселелеріне және әйелдердің ғылыми зерттеулерге қатысуын кеңейтуге арналған халықаралық іс-шара өтті. Жиынды Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның Өңірлік кеңсесі университетпен бірлесіп ұйымдастырды.
Шара Тұрақты даму мүддесіндегі ғылымның халықаралық онжылдығы (2024-2033 жж.) аясында және Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күніне орай өткізілді. Кездесу барысында әйелдердің ғылыми мансапқа тең қолжетімділігін қамтамасыз етудің заманауи үрдістері, зерттеуші әйелдерді қолдаудың институционалдық тетіктері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының инклюзивті академиялық орта қалыптастырудағы рөлі талқыланды.

Пленарлық бөлімді география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева ашып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқыды.

«Бүгінде Қазақстандағы әйел зерттеушілер үлесі 50 пайыздан асады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің 65 пайызы – әйелдер қауымы. Университеттегі әйелдер ғылыми көшбасшылық әлеуетке ие. Әйелдер қауымы БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда маңызды рөл атқарады. Ғалымдар ғылыми-инновациялық жобаларға белсенді қатысып, университет ғылымының дамуына елеулі үлес қосуда», – делінген хатта.

Кездесуге қатысушылар әйелдердің ғылыми мансапқа тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, зерттеуші әйелдерді қолдаудың институционалдық механизмдері, сондай-ақ университеттердің инклюзивті академиялық ортаны қалыптастырудағы рөлі сияқты заманауи мәселелерді талқылады.
Панельдік пікірталас аясында әйел зерттеушілер кәсіби тәжірибелерін таныстырып, карьералық өсу жолындағы негізгі кедергілерді атап өтті және аймақтағы әйелдердің ғылыми әлеуетін дамыту перспективаларын белгіледі.
Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі география және табиғатты пайдалану факультетіне «Мұздықтардың өмір сызықтары» виртуалды шындық кешенін табыстау рәсімі болды. Жабдық ГЭФ-БҰҰДП-ЮНЕСКО жобасы аясында Орталық Азиядағы криосфераны зерттеу үшін әзірленген. Тапсырылған жабдық білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарында пайдаланылады, аймақтағы су ресурстарының қалыптасуындағы мұздықтардың рөлін көрсетуге және климаттың өзгеруі салдарының бағалануы үшін қолданылатын болады.
Бағдарламаны виртуалды шындықты көрсететін интерактивті сессия қорытындылады. Онда ирригация, гидроэнергетика, мұздықтарды бақылау және апаттық тәуекелді төмендету сияқты тақырыптық модульдер ұсынылды. Бұл қатысушыларға Орталық Азиядағы криосфералық процестер мен тұрақты су пайдалану арасындағы байланысты көрнекі түрде түсінуге мүмкіндік берді.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі