Азамат. Қайраткер. Ғалым

30 апреля, 2016

 Адрес:  http://egemen.kz/2016/04/29/37416

Дата публикации: 29.04.2016 00:00

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымында ұзақ жыл қызмет атқарып келе жатқан белгілі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов 70 жасқа толып отыр.

Азаматтық болмыс адам бойына қаршадайынан көптің мүддесіне істеген әр ісі ел игі­лігіне жараған са­йын бірте-бірте қалыптасады. Төлеген Әбдісағиұлы да мектеп қабыр­ғасында оқып жүргенде-ақ ерекше зеректігімен, оқуда алғыр­лығымен танылып, 13 жасында қазақ мектептерінің ішінен жалғыз өзі республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 20 баламен бірге ол кезде бүкіл Кеңес Одағы бойынша ең үздік пионерлер ғана жолдама алатын бүкілодақтық «Артек» лагеріне барған болатын. Сол жолы өз тобынан озып шыққан Төлеген-оқушыны бүкіл ауыл алқалап «міне, азамат!» деп мақтанған. Топтан озу – бойдағы намыс пен жігердің, ар мен ұяттың, қажыр мен қайраттың нәтижесі. Ар мен ұят, қажыр мен қайрат адамның бойына ананың сүтімен, әкенің қанымен және солардың тәлім тәрбиесімен келеді. Айналасындағы адамдардың ықпалымен қалыптасып, шыңдалады. Сонымен бірге, ондай қасиеттердің текпен де келетінін адамтанушылар әлдеқашан айтқан. Төлеген Әбдісағиұлының тегі туралы айтар болсақ, ақындықтың пірі атанған Сүйінбай бабамыз алдымен ауызға оралады. «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сиынбай» деп жырлаған Жамбыл атамыз еске түседі. Солардың бойындағы елдік намыс, ұлттық ождан қан арқылы Төлеген Әбдісағиұлының бойына да дарығаны айдан анық. Ол айналасына ақындық көңілмен, азаматтық жүрекпен қарайды. Оның қабілеттерінің тағы бірі – ел аузында жүрген бабалардан қалған аңыз-әңгімелердің, өлең-жырлардың, мақал-мәтелдердің естіген сәтінде-ақ жадында жатталып қалатындығы және сол асыл мұраны ретті жерде өз жөнімен жұрт көңіліне ұялата білетіндігі. Азаматтың адами болмыс-бітімін, тұғырлы тұлғасын ел алдында даралайтын тағы бір жақсы сипат – сымбаттылық пен қуаттылық. Бұл екеуі азаматқа шынығу арқылы келеді. Тәні саудың – жаны сау. Ғылымын және өзгеге өнеге көрсетер ұстаздығын біздің кейіпкеріміздің де спортпен үнемі ұштастырып отыратыны сондықтан. Он алты жасында С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің физика факультетінің студенті болып қабылданған жас дарынның өзгелерден жасы кіші болса да ойы озық, білігі мықты екендігін әрі алғырлығы мен зеректігін таныған ұстаздары жолын ашуға пейілді болды. Сол кездегі ең мәртебелі Лениндік стипендия Төлеген-студентке берілді. Университетті теориялық физика мамандығы бойынша үздік бітірген ол 21 жасында сол кезде аты аңызға айналған ең беделді оқу орындарының бірі, КСРО Ғылым академиясының А.Ф.Иоффе атындағы Ленинград Физикалық-техникалық инс­титутының аспирантурасына міндетті ғылыми өтілеттен өтпей-ақ бірден қабылданды. Бұл Физикалық-техникалық институттың тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға еді. Тағы бір таңданатын және мақтанатын факт – Л.Д.Ландау мен Е.М. Лифшицтің теориялық физикаға арналған танымал тоғыз томдық курсын толық меңгерген ең алғашқы қазақ болғандығы. Білім мен ғылымның жолына осындай еңбекқорлықпен, ізденімпаздықпен, жаңашыл­дық­пен келген Төлеген Әбді­сағиұлының азаматтық тұғыры бірте-бірте биіктей берді. Ол біздің университетке Теориялық физика кафедрасына ассистент болып қабылданып, ректор деңгейіне көтерілгенге дейін және содан кейін де өзінің азаматтық жолымен, тұлғалық келбетімен елімен бірге еңсесін тіктеп келеді. Төлеген Әбдісағиұлының ғылымдағы жолы да қазаққа таң, екінің бірі батылы жетіп бара бермейтін, соқтықпалы, соқпақсыз тың жол еді. Қара­пайым ауылда қазақ мектебін бітірген қарадомалақ баланың сол кезде-ақ аты мәшһүр, атағы әлемге тараған Ленинград институтында орыс тілінде физиканың теориясына ден қоюы оның қазақ деген ұлттың ешкімнен кем еместігін дәлелдеуге бет бұрған және тәуекелге барған батылдығы еді. Осы жолда ғылыми негізді ол КСРО Ғылым академиясының Б.П.Конс­тантинов атындағы Ленинград ядролық физика институтының жыл сайынғы ғылыми мекте­бінен, Нобель сыйлығының лауреа­ты Л.Д.Ландаудың замандасы әрі өзінің ұстазы академик А.Б.Мигдалдың ғылыми-теориялық семинарларынан алды. Ол физика ғылымының осындай ірі мектептерінен тағылым алып қана қоймай, сол мектептерге мүше болған жалғыз қазақстандық. Оған дәлел – Төлеген Әбдісағиұлының сол жылдары КСРО Ғылым академиясының Л.Д.Ландау атындағы Теориялық физика институтындағы физик-теоретиктерінің элиталық ортасына қабылдануы. Төлеген Әбдісағиұлы біз­дің университетке жұмысқа қабылданғаннан кейін көп ұза­май атом ядросының теория­сы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. Өзі таңдап алған тың салада ғылымның өрісін кеңейту үшін, әсіресе ұлттық кадрларды даярлауда аса қажетті жаңа оқу курстарын ашты, оқу бағдарламаларын жасады, оқу құралдарын жазды, оқулықтар шығарды, монографиялар жариялады. Ол ашқан «Кванттық хромодинамика», «Тордағы калибрлеулік теориялар» атты арнайы курс­тар бүгінде өз жалғасын табуда. Осы бағытта жазған «Кванттық механика» атты қазақ тілін­дегі тұңғыш оқулық физика саласы бойынша құнды еңбек саналады. «Ғылым инемен құдық қазғандай» деп тегін айтылмаған. Осы инемен құдық қазғандай іске екінің бірі бара бермейтіні сондықтан. Ғылымдағы өз жолын таңдап, ізденісте келе жатқан Төлеген Әбдісағиұлы – осы сала­дағы бірегей тұлға. Кешегі Кеңес Одағында тұңғыш рет УКСР Ғылым академиясының Теориялық физика институтында торлық калибрлеу теориясы бойынша «Калибрлеулік өрісті торларда стохастика­лық кванттау» тақырыбында док­торлық диссертациясын сәтті қорғады. Ғылым докторы Қожамқұловтың халықаралық және республикалық ғылыми беделді басылымдарда кванттық хромодинамика; ядро және элементар бөлшектер теориясы; салыстырмалық және гравитация теориясы; тордағы калибрлеулік теориялар; кванттық механика сияқты салалар бойынша 300-ден аса ғылыми мақалалары жарық көрді. Сонымен бірге ғылымның жаңа бағыты бо­йынша жазылған тұңғыш еңбек ретінде халықаралық ғылыми орта мойындаған «Өріс тео­риясындағы стохастикалық кванттау» атты монографияларын атап өтуге болады. Жаңалық ашу бар да сол жаңалықты жасампаздық жолға салу бар. Бұл – шәкірттер арқылы жүзеге асатын ұлағатты да шарапатты іс. Осы бағытта да, яғни ұс­таздық жолда да Төлеген Әбдісағиұлы жемісті еңбек етіп келеді. Оның алдын көрген шәкірттері қазір тек республика аумағында ғана емес, Ресейде, АҚШ-та, Австрияда, Францияда, Израильда, Ұлыбританияда, Италияда, Жапонияда және тағы басқа да елдерде де ұстаздан ал­ған тағылымын іс жүзінде кәдеге асырып жүр. Төлеген Әбдісағиұлы Қазақ­станда ЖОО негізінде тұңғыш рет ғылыми-зерттеу институтын құруды қолға алған болатын. Бұл жұмысты сонау 1990 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Экспериментальды және теориялық физика ғы­лыми-зерттеу институтын (ЭТФ ҒЗИ) ашу жөніндегі Қау­лысын дайындау-қабылдау кезінен бастаған еді. Физика факультетінің деканы қыз­метін атқара жүріп, жаңа институттың бүкіл құрылымы мен қызметін оқу үдерісімен байланысын үйлестіру жұмысын біліктілікпен жүзеге асырды. Оның институт пен факультет арасын байланыс­тыру жолын сол кездің өзінде дұрыс таңдағандығын бүгінде өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қазір білім беру ісін тікелей ғылыммен ұштастыра отырып, өндіріспен байланыстыру арқылы салиқалы нәтижеге жету – ең өзекті мә­селе. Осы мәселе Төлеген Әб­ді­сағиұлы ұйымдастырған инс­титут пен факультет арасындағы сабақтастық арқылы бүгінде оң нәтижесін беруде. Төлеген Әбдісағиұлы­ның жоғары деңгейде ұйымдас­тыру қабілеті І.Жансүгіров аты­н­дағы Талдықорған мемлекеттік уни­верситетін, одан кейін әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық университетін басқарған жылдары ерекше жарқы­рап көрінді. Ол басқарған жылдары біздің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіміз шын мәнінде халықаралық деңгейге қадам басты. 2003 жылы Төлеген Әбдісағиұлы Италиядағы Болонья қаласында Университеттердің Ұлы хар­тиясына қол қойды. Осы кезден бастап университетіміз республикамызда және бүкіл Орталық Азияда болоньялық үрдіске қатысуға толық құқы бар тұңғыш жоғары оқу орны ретінде әлемдік білім беру кеңістігіне шықты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тіке­лей қол­дауының арқасында Төлеген Әбдісағиұлының бастамасымен ҚазҰУ қала­шығының ұзақ жылдар кідіріп тұрған құрылысының екінші кезеңі іске қосылды. Соның нәтижесінде оқу-зертханалық корпустар, дәрісханалар мен спорт залдары, жатақханалар мен өзге де ғимараттар, яғни ұзын саны 14 нысанның құрылысы қайта іске қосылды. Оның оқу үдерісінің әлемдік кеңістікте мойындалуы жолында да атқарған істері бүгінде өз нәтижесін беруде. 2005 жы­лы университетіміз бакалаврлар мен магистрларды даярлаудың кредиттік технологиясына толық өтті де респуб­ликамызда тұңғыш рет шетелге әйгілі университеттердің атақты ғалымдарының араласуымен 65 PhD докторантты дайындау қолға алынған еді. Сол жылдары, яғни Төлеген Әбдісағиұлының басшылығы тұсында университетімізде 67 мамандық бойынша док­торлық диссертация қор­ғауды жүзеге асыратын 25 маман­дан­дырылған кеңес қарқынды жұмыс бастаған. Еліміздегі ең үздік жоғары оқу орнының халықаралық мәртебесін бұрынғыдан да көтере түсу үшін Қазақстан –Үнді ақпараттық технология­лар орталығын, Қытай тілі орталығын, Еуропалық құжат­тама орталығын ашуға мұрындық болды. Әрине, Төлеген Әбді­са­ғиұлының қайраткерлік-ұйым­­дастырушылық қарым-қабі­летін айғақтайтын бұдан да басқа қомақты істерді сандық көрсеткіштермен де тілге тиек етуге болады. Мысалы, ол басқарған кезеңде университетте факультеттердің саны 14-ке, кафедралардың саны 102-ге, ғылыми-зерттеу инс­титуттар саны 7-ге, ғылыми орталықтар саны 112-ге жетті. Осы ұжымдарда 300 ғылым докторы мен профессорлар, 800-ге жуық ғылым кандидаты мен доценттер еңбек еткенін ерекше атап өткен жөн. Төлеген Әбдісағиұлының спортқа құштарлығының ықпалы мен әсерінің нәтижесі болар, университетімізде жастардың спортпен айналысуы және ондағы табыстары да қомақты болған. Университет спортшылары республика аумағында ғана емес, халықаралық аренада да зор табыстарға қол жеткізді. Университет – жастар ордасы. Онда ел іші – өнер кенішінен келген небір дарынды ұлдар мен қыздар білім алады. Солардың да шығармашылығын шыңдап, тек кәсіби білікті ғана емес, парасатты да мәдениетті маман болып қалыптасуына айырықша көңіл бөлген білік­ті басшы Ө.А.Жолдасбеков атын­дағы Студенттер сара­йында өнерпаз жастардың басын қосқан «Фараби сазы» ұлт аспаптар оркестрін, «Махаббат» би ансамблін, хор үйірме­сін, айтыскерлерді баптайтын «Жас ақындар» клубын, сонымен қатар «Жастар» рухани орталығы мен «Біз» драма театрын ұйымдастырып, тұрақты жұмыс істеуіне баса мән берді. Білікті басшының осындай іргелі істерінің нәтижесінде республикамыздың жоғары оқу орындары арасынан біздің университетімізге тұңғыш рет «Алтын сапа» сыйлығын  Президент Н.Ә.Назарбаевтың өзі тапсырды. Иә, еліне елеулі еңбек еткен азамат, қайраткер, ғалым әрі ұстаз Төлеген Әбдісағиұлы Қожам­құловтың атқарған істерін бір мақалада түгел қамту мүмкін емес. Ол – өнегелі отбасының иесі. Асыл жар, аяулы әке, ардақты ата. Бұл жөнінде де үлгі етерлік ұлағаттарын барынша айтуға болады. Ең бас­тысы – оның халқына жасап келе жатқан қызметі тура­лы әлі талай айтылары да сөзсіз. Сол игілікті істері үшін алған марапаттарын да түгел тізіп шығуға болар еді. Әйтсе де еліміздің ең жоғары марапаттары – «Парасат» орденінің және II дәрежелі «Барыс» орденінің иегері екендігін және соңғы жылдары жүзеге асырған ғылыми жұ­мыс­тарының Мемлекеттік сыйлыққа ие болғандығын арнайы атап кетсек, жеткілікті деп білеміз. Қазіргі таңда Төлеген Әбді­сағи­ұлы университет рек­торының кеңесші­сі және өзі негізін қалап, туын көтерген ЭТФ ғылыми-зерт­теу институтының ғылы­ми же­текшісі ретінде универ­сите­тіміздің өркен­деуіне сүбелі үлесін қосып келеді.

Ғалымқайыр МҰТАНОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик