ҚазҰУ-да әйел ғалымдардың жетістіктері атап өтілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күніне орай, арнайы ғылыми іс-шара ұйымдастырылды.
Шараға оқу ордасындағы түрлі салада еңбек етіп жүрген ғалымдар, оқытушылар, жас зерттеушілер жиналды.
Бүгінгі күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әйелдердің ғылым мен білімді дамытудағы рөлі айрықша. Университетте еңбек етіп жүрген қызметкерлердің 65 пайызы –әйелдер. 1724 әйел қызметкер оқу ордасының тұрақты дамуына өз үлесін қосып келеді. Оның ішінде 347 ғылым докторы, 572 ғылым кандидаты, 1 ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі қызмет атқарады.

Жиынды ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, университеттің ғалым ханымдары отандық ғылымды дамытуда аянбай еңбек етіп келе жатқанын атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында қыз-келіншектердің экономикадағы, білім, ғылым, мәдениет, саясат пен қоғамдық қызметтегі рөлі жыл өткен сайын арта түсуде», – деп атап өткен болатын. ҚазҰУ-да әйел ғалымдардың ғылыммен айналысуына барлық қолайлы жағдай жасалған. Гранттық қаржыландыру, мақсатты қаржыландыру, «Жас ғалым» және жас ғалымдарға арналған бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан 146 ғылыми жобаның жетекшілері – әйел ғалымдар. Бұл университеттегі әйелдердің ғылыми көшбасшылық әлеуетінің жоғары екенін айғақтайды», – деді ректор.

Салтанатты шара барысында оқу ордасының басшысы бірқатар зерттеушілерді «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Сонымен қатар Қарлығаш Жұмағұлова «Жоғары жарияланым белсенділігі мен h-индексі үшін», Наталья Глушкова «Ғылыми жарияланымдардың жоғары дәйексөзділігі», Мәдина Мансұрова «Ғылыми жобаны табысты жүзеге асырған жетекші», Гүлмира Әбдірайымова «Үздік ғылыми кеңесші», Ирина Савицкая «Ғылымдағы жыл серпілісі», Ләйла Бимендиева «Университеттің ғылыми журналын дамыту мен ілгерілету жолындағы еңбегі үшін», Әлия Ақтымбаева «Инвестиция тартуға сіңірген айрықша еңбегі үшін», Ақерке Абаған «Халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін», Зәуре Рақышева «Университеттің ғылыми мектебін дамытуға қосқан үлесі үшін» марапатталды.

Кездесуде заң ғылымының докторы, профессор Алуа Ибраева мен химия және химиялық технология факультетінің аға оқытушысы, жас ғалым Айжамал Байсейітова сөз сөйлеп, отандық ғылымның дамуы жөнінде баяндама жасады.







Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар