ҚазҰУ ғалымдарына мемлекеттік ғылыми стипендия табысталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің төрт жетекші ғалымы мемлекеттік ғылыми стипендия иегері атанды. Марапат Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025 жылғы 29 желтоқсандағы №596 бұйрығына сәйкес табысталды.

География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева, профессор Григорий Мун, химия ғылымының докторы, ғалым Ғалия Ирмухамбетова, педагогика ғылымының докторы, профессор Нұрасыл Керімбаев мемлекеттік ғылыми стипендия иегері атанды.


Мемлекеттік ғылыми стипендия – отандық ғылымды дамытуға елеулі үлес қосқан, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіп, ғылыми кадрларды даярлауда жоғары нәтижелерге қол жеткізген ғалымдарға берілетін беделді марапат.
Бұған қосымша, талантты жас ғалымдар үшін берілетін мемлекеттік ғылыми стипендия ҚазҰУ-дың жас зерттеушілері Лаура Ағыбаева және Серік Хохловқа берілді.

Аталған марапаттар ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік стипендия лауреаттарын марапаттау рәсімінде салтанатты түрде табысталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі