ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты ЖОО Баспасөз хатшылары отырысындағы сөзіFarabi University
Референдум 15 марта

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты ЖОО Баспасөз хатшылары отырысындағы сөзі

12 февраля, 2026

Құрметті әріптестер,

жоғары оқу орындарының баспасөз хатшылары!

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!

Сіздерді жоғары оқу орындарының баспасөз хатшыларымен өтіп жатқан маңызды кездесуде қарсы алып отырғаныма қуаныштымын.

Бүгінгі отырысқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Қоғаммен байланыс департаментінің директоры – Баспасөз хатшысы Арман Сәкенұлы Жүнісов,министрліктің «Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы», Коммуникациялық жобалар тобының басшысы Абылай Жүнісәліұлы Ордабаев, министрліктің Баспасөз қызметінің мамандары арнайы келіп отыр.

Сонымен қатар кездесуге Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орындарының баспасөз хатшылары арнайы шақырылды.

Университетіміздің Ақпарат және коммуникциялар департаментінің директоры – Баспасөз хатшысы Байдәулет Қаншайым Мәуленқызы бастаған ұжым да өздеріңізбен тәжірибе алмасатын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындары тек білім беріп, ғылыми зерттеу жүргізумен ғана шектелмеуі тиіс екенін бірнеше рет атап өтті.

Университеттер инновацияны дамытуға, өндіріс пен экономикаға жаңа технологиялар енгізуге белсенді қатысуы қажет.

Ғылым нәтижелері нақты өндіріс пен қоғам игілігіне қызмет етуі маңызды.

Бұл еліміздің тұрақты дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыра түседі.

Осы бағытта жоғары оқу орындарындағы баспасөз хатшыларына, PR, SMM мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

Қазіргі уақытта елімізде жаңа Конституция жобасы талқылануда.

Жаңа Ата заңда сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының еркін қызмет ету қағидаты сақталады.

Әр азаматтың ақпаратты еркін алу және тарату құқығына кепілдік беріледі, цензураға жол берілмейді.  

Ақпараттық кеңістіктің жауапкершілігі айқындалып, заң талаптарын сақтау, қоғамдық келісім мен қауіпсіздікті қорғау маңызды шарт ретінде белгіленеді.

Бұл нормалар ашық қоғамды дамытуға және баспасөз рөлін нығайтуға бағытталған.

Біздің мақсатымыз – білім беру саласындағы ақпараттық саясатты жаңа деңгейге көтеру.

Қазіргі жаһандану және цифрландыру дәуірінде университеттердің беделі тек рейтингпен өлшенбейді.

Жоғары оқу орындарының танымалдылығы мен сапалық көрсеткіші олардың ақпараттық кеңістікте өздерінің имиджін қалай арттыра алатынына да байланысты.

Баспасөз хатшылары – оқу орны мен қоғам арасындағы алтын көпір.

Сіздер университет өміріндегі жаңалықтарды, жетістіктерді, ғылыми табыстарды көпшілікке жүйелі әрі сауатты жеткізіп келесіздер.

Сонымен қатар жастардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруде, олардың ғылым мен білімге деген қызығушылықтарын арттыруда жүйелі жұмыс атқарып отырсыздар.

Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қарқын ала бастаған бүгінгі кезеңде  ақпарат ағыны өте жылдам.

Әлеуметтік желілер, онлайн платформалар, цифрлық медианың түрлі құралдары күн сайын жаңарып, дамып келеді.

Осындай жағдайда біз тек жаңалық таратумен шектелмей, сапалы контент жасап, аудиториямен тұрақты байланыс орнатуымыз қажет.

Университеттердің ресми сайттары, әлеуметтік желідегі парақшалары заман талабына сай жаңарып, мазмұны бай әрі тартымды болуы тиіс.

Жалған ақпараттың алдын алу, дұрыс әрі бірізді ақпарат тарату кәсіби, жедел шешімдерді қажет етеді.

Бұл бағытта әрбір жоғары оқу орнының Баспасөз қызметі нақты жоспарға сүйеніп, кәсіби стандарттарды ұстануы қажет.

Ашықтық, сенімділік және жеделдік – біздің басты қағидаларымыз болуы керек.

Сіздер бүгін университет қалашығын аралап көрдіңіздер.

Farabi HUB инновациялыр орталығында, KUKA Robotics, HUIBO Robotics орталықтарында,«Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасында болдыңыздар.

Журналистика факультетіне барып, университеттің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің жұмысымен таныстыңыздар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ QS әлемдік рейтингінде 166-орында тұр және Азиядағы үздік 40 жоғары оқу орнының санатына енген.

Қазіргі уақытта университетте 30 мыңға жуық білім алушы бар. Оқу орнында әлемнің 54 елінен келген 7000-нан астам шетелдік студент білім алуда.

Әлемнің 700-ден астам жетекші жоғары оқу орнымен серіктестік байланыс орнатылған.

2022 жылы Мемлекет басшысының Түркия мен Қырғызстанға ресми сапары аясында Ыстамбұл мен Бішкек қалаларында ҚазҰУ филиалдары ашылды.

2025 жылы ҚазҰУ филиалы Омбы қаласында құрылды.
Сондай-ақ университет базасында Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің және Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалдары жұмыс істейді.

Білім ордасы студенттер үшін 120 мамандық бойынша Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия және Ресей университеттерімен қос диплом бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.

Соңғы екі жылда 50 заманауи зертхана іске қосылып, 80 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды.Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер ҚазҰУ-да орнатылды.

ҚазҰУ суперкомпьютерінің өнімділігі – 2000 терафлопс. Әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің бірі.

Биыл жыл басында ҚазҰУ қалашығында әрқайсысы 1000 орынға есептелген тоғыз қабатты бес жатақхананың құрылысын бастауға байланысты естелік капсула салынды.

Бұдан бөлек, оқу корпустары, спорттық-сауықтыру орталығы, қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы және технопарк салу жоспарланған.

Заман талабынан шығу үшін алдағы уақытта да осындай ауқымды жобаларды сәтімен жүзеге асырамыз деген ойдамыз.Бүгінгі кездесу аясында сіздер өзара тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды талқылап, өзекті мәселелерді ортаға саласыздар деп сенемін.

Осындай еркін форматтағы кездесулер мен пікір алмасулар ортақ шешімдер табуға, жаңа идеялар қалыптастыруға жол ашады.

Алдағы уақытта баспасөз хатшылары үшін арнайы оқыту семинарларын, тренингтер мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыруды да жоспарлап отырмыз.

Жоғары оқу орындарының оң имиджін қалыптастыру, білім мен ғылымның жетістіктерін ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде кеңінен таныту – бәріміздің ортақ міндетіміз.

Бұл жолда сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен шығармашылық ізденістеріңіз аса маңызды.

Университетаралық байланыстарды дамытуда жемісті нәтижелерге жетулеріңізге тілектеспін.

Жұмыстарымыз табысты болсын.