Саха Республикасымен өңіраралық байланыс нығаядыFarabi University

Саха Республикасымен өңіраралық байланыс нығаяды

16 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Саха (Якутия) Республикасы Мемлекеттік Жиналысы (Ил Тумэн) депутаты Александр Ивановпен кездесті. Жүздесу тараптардың өңіраралық байланыстарды нығайтуға және екі елдің ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту мәселелеріне арналды.

Университет басшысы бұл іссапардың ұзақ мерзімді серіктестік орнатудағы маңызына тоқталды. Ректор  Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ бүгінде іргелі ғылымды, инновацияны және халықаралық ынтымақтастықты ұштастырған жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретінде мойындалғанын жеткізді. Университет зерттеу жобаларын белсенді дамытып, білім беру үдерісін экономиканың нақты секторымен ықпалдастыруға басымдық беруде. Сонымен қатар жаһандық жобаларға қатысу және Еуропа мен Орталық Азияның жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестік орнату халықаралық бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін айтты.

«Саха Республикасы – табиғи-климаттық ерекшеліктері мен қуатты ресурстық әлеуеті бар стратегиялық маңызды өңір. Елдеріміздің ғылыми мектептері мен сарапшылық қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимыл бірлескен зерттеулер мен білім беру бағдарламаларын іске асыруға берік негіз болады», – деді ректор.

Александр Иванов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс салалары үшін кадр даярлау бағытында тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірді. Тараптар салалық жоғары оқу орындарының күш-жігерін біріктіру өңірлік инфрақұрылымды дамыту міндеттерін тиімді шешетін мамандар даярлауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу қорытындысында қатысушылар бұл сапар ғылым, инновация және жастар саясаты салаларындағы жаңа бастамалар мен бірлескен жобаларға жол ашатынына сенім білдірді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі