Студенттік заң клиникасы оқушыларға құқықтық жауапкершілік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді  Farabi University

Студенттік заң клиникасы оқушыларға құқықтық жауапкершілік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді  

18 ақпан, 2026

   2026 жылғы 18 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында «Алматы облысы білім басқармасы Қарасай ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің Л.Н.Толстой атындағы орта мектебі мен Алматы облысы, Қарасай ауданы, Gybrat High School оқу орталығының оқушыларымен кездесу өтті.

    Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында кәмелетке толмағандардың құқықтық жауапкершілігі туралы ақпараттандыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және өскелең ұрпақтың заңға бағынатын азамат ретінде қалыптасуына ықпал ету болды.

  Кездесу барысында балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері, олардың заң алдындағы жауапкершілігі, құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары жан-жақты талқыланды.

   Кездесуге аталған мектеп басшылары мен оқытушылары, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультеті жанындағы студенттік заң клиникасының өкілдері қатысты. Атап айтқанда, кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Қуаналиева Гүлдана Амангелдіқызы; кафедра профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Айғаринова Гүлнар Төлеухадирқызы; студенттік заң клиникасының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Байдельдинов Дәулет Лайкович, аға оқытушылар Елеусізова Нұргүл Төлеубекқызы мен Бакиров Дархан Әбдіманапұлы, сондай-ақ заң клиникасының басқа да өкілдері оқушылармен белсенді пікір алмасты.

     Мамандар жасөспірімдерге заң талаптарын сақтау қауіпсіз әрі тұрақты қоғамның негізі екенін атап өтіп, күнделікті өмірде жиі кездесетін құқықтық жағдайларды талдап, тәжірибелік кеңестер берді.