- Басты бет
- Заң клиникасы
- Студенттік заң клиникасы колледж студенттеріне өзекті құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді
Студенттік заң клиникасы колледж студенттеріне өзекті құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді
2026 жылғы 19 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласы заң колледжі студенттерімен кездесу өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында өзекті құқықтық мәселелер туралы ақпараттандыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және өскелең ұрпақтың заңға бағынатын, жауапкершілікті азамат ретінде қалыптасуына ықпал ету болды.
Кездесу барысында студенттерге жеке және азаматтық құқықтар, еңбек құқығы, интернеттегі құқықтық жауапкершілік, әлеуметтік желілер мен цифрлық кеңістіктегі заң бұзушылықтар, сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы жан-жақты түсіндіріліп, тәжірибелік кеңестер берілді. Студенттер өз тәжірибелерімен бөлісіп, күнделікті өмірде жиі кездесетін құқықтық жағдайлар мен мәселелер жөнінде сұрақтар қойды.
Кездесуге колледж студенттері мен басшылары, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультеті жанындағы студенттік заң клиникасының өкілдері қатысты. Атап айтқанда, кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Қуаналиева Гүлдана Амангелдіқызы; кафедра профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Айғаринова Гүлнар Төлеухадирқызы; студенттік заң клиникасының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Байдельдинов Дәулет Лайкович, аға оқытушылар Елеусізова Нұргүл Төлеубекқызы мен Бакиров Дархан Әбдіманапұлы, сондай-ақ заң клиникасының басқа да өкілдері студенттермен белсенді пікір алмасты.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың заманауи құқықтық жағдайларды түсініп, заңды сақтау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.