ҚазҰУ-да «Марко Полоның саяхаты» кітабының тұсаукесері өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ка’Фоскари университеті ғалымдарының қатысуымен ортағасырлық итальян тілінен қазақ тіліне тікелей аударылған «Марко Полоның саяхаты» кітабының тұсаукесері өтті.
Салтанатты шараға ҚазҰУ басшылығы, Ка’Фоскари университетінің вице-ректоры Антонио Маркомини, профессор Елизабетта Рагагнин, Италия елшілігінің мәдениет атташесі, Қазақстандағы Италия мәдениет институтының директоры Эдоардо Кризафулли және университет ғалымдары мен студенттері қатысты.

Іс-шараны ашқан ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева жобаның ғылыми және рухани маңызын атап өтті. «Марко Поло еңбегінің алғаш рет түпнұсқа – ортағасырлық итальян тілінен қазақ тіліне аударылуы қазақ ғылымы үшін маңызды оқиға. Бұл жоба Қазақстан мен Италия арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықтың нақты нәтижесі», – деді проректор.

Өз кезегінде Антонио Маркомини басылымның тарихи және академиялық құндылығына тоқталып, бірлескен жобалардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Ол ҚазҰУ ұжымына жоғары деңгейдегі ұйымдастыру жұмысы үшін алғыс білдіріп, екі университет арасындағы серіктестік жаңа мазмұнмен толығатынына сенім білдірді.

Шара аясында ғалымдар «Әлемдік мұра – Марко Поло Қазақстанда: «Милионе» еңбегінің қазақ тіліне аударылуы», «Мәдениеттер тоғысында жаңғырған Марко Поло мұрасы», «Марко Полоның кітабындағы түркі-моңғол тілдеріндегі жер-су атаулары» тақырыптарында баяндама жасап, еңбектің тарихи-лингвистикалық маңызына жан-жақты талдау жасады. Зерттеушілер қазақ тіліндегі басылым тек аударма емес, ортағасырлық Еуразия кеңістігіне қатысты тарихи, географиялық және этнографиялық деректерді кешенді ұсынатын құнды ғылыми еңбек екенін атап өтті.

Тұсаукесер барысында кітаптың бірнеше данасы ҚазҰУ-дың ғылыми кітапханасына сыйға тартылды.
Айта кетейік, «Марко Полоның саяхаты» еңбегі Ұлы Жібек жолы бойындағы елдер мен қалалар туралы Еуропаға алғаш жүйелі мәлімет берген шығарма саналады. Автор онда Түркістан мен Моңғолия, Қытай мен Үндістан, мұхит аралдары мен ондағы халықтардың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, діні, сауда жолдары мен табиғи байлықтары жөнінде құнды деректер келтіреді.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар