Жалпыұлттық коалиция өкілдері ҚазҰУ студенттерімен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамы «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерімен кездесті.
Шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, соның ішінде ҚР Парламенті Сенатының депутаттары – Сұлтанбек Мәкежанов, Нұрия Ниязова және Дархан Қыдырәлі қатысты. Сонымен қатар делегация құрамында Алматы қалалық жалпыұлттық коалициясының өкілдері: мәслихат депутаты Салтанат Серікова, «AMANAT» партиясы Бостандық аудандық филиалының төрағасы Тынышқали Сәбен, Психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев және «Алматы қалалық мүгедектер қоғамы» ҚБ төрағасы Ұлан Іңкәрбеков болды.

Жиында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі сөз сөйледі. Ол жаңа Конституция құқықтық тәртіптің, білім, ғылым мен инновацияның негіздерін, сондай-ақ қоғам дамуы мен әрбір адамның игілігін айқындайтын іргелі құндылықтарды, бостандықтар мен қағидаттарды көрсететініне назар аударды. «Құжатты әзірлеуге ректор Жансейіт Түймебаев бастап, ҚазҰУ ғалымдары да белсенді түрде атсалысты. Әлеуметтік желілердегі пікірлер мен eGov жүйесі арқылы келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, ескерілді», – деді депутат.

ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қатысушыларға арнап сөз сөйледі. Өз сөзінде Конституцияның жаңа жобасы көптеген ғалымдар, практик заңгерлер, теоретиктер, экономистер, әлеуметтанушылар, лингвистер және депутаттардың бірлескен еңбегінің жемісі екенін атап өтті. «Бұл жалпыхалықтық талқылауға шығарылған ұжымдық еңбек. Себебі Конституцияның жекелеген авторлары жоқ екенін білулеріңіз керек. Ата заңның бір ғана авторы бар: ол – Қазақстан халқы. Сондықтан сайлау учаскелеріне дауыс беруге келгенде сіздер Конституция үшін дауыс бере отырып, оның бірлескен авторына айналасыздар», – деді бірінші проректор.

Кездесудің басты мақсаты – жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіру және ауқымды саяси өзгерістердің мәнін талқылау болды. Ашық диалог барысында спикерлер ұсынылып отырған өзгерістердің мемлекеттік басқару жүйесіне және заң үстемдігін нығайтуға тигізетін әсеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Реформалар, ең алдымен, адам құқықтарын қорғауды күшейтуге және әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғаны баса айтылды.

Кездесуге қатысушылар саяси аспектілерді ғана емес, ғылым мен білімді дамыту мәселелерін де талқылады. ҚазҰУ студенттері жоғары белсенділік танытып, жастар ұйымдарының елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуы туралы сұрақтар қойды. Коалиция мүшелері студент жастар жаңғырудың қозғаушы күші және қоғамның ілгерілеуі үшін қажетті жаңа идеялардың генераторы екенін алға тартты.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар