ҚазҰУ өкілдері Times Higher Education кеңсесінде біліктілігін арттырды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Стратегиялық даму орталығының қызметкерлері Times Higher Education ұйымының Лондон қаласындағы кеңсесінде тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама барысында мамандар халықаралық рейтингтік тетіктер, деректерді талдаудың заманауи әдістері мен университеттерді жаһандық білім беру және ғылыми кеңістікте стратегиялық тұрғыдан ілгерілету бағыттары бойынша білімдерін тереңдетті.
Әлемдік және пәндік рейтингтерді қалыптастыру әдістемесін, негізгі көрсеткіштерді есептеу қағидаттарын, сондай-ақ рейтингтік саясат саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға арналған практикалық құралдарды жан-жақты зерделеуге ерекше назар аударылды.

Times Higher Education өкілдері ғылыми-зерттеу қызметін, оқыту сапасын, интернационалдандыру деңгейін және университеттердің қоғамға ықпалын бағалау мәселелері бойынша кеңестер өткізді. Сонымен қатар пәндік рейтингтерге және жоғары оқу орындарының БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қосқан үлесін бағалайтын Impact Rankings рейтингіне қатысу ерекшеліктері қарастырылды.
Алынған білім мен сараптамалық ұсынымдар университеттің стратегиялық құжаттары мен даму жоспарларына енгізіліп, оның жетекші әлемдік рейтингтердегі позициясын нығайтуға бағытталатын болады. Тағылымдама рейтингтік қызмет саласындағы мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттырудағы маңызды қадамға айналды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі