Цифрландыру – бәсекеге қабілеттілікті арттыру жолы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы еліміздің дамуында жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Бұл бастама білім мен ғылым саласына, соның ішінде жоғары оқу орындарының қызметіне тікелей әсер ететін маңызды стратегиялық шешім.
Бүгінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қоғам өмірінің барлық саласына терең еніп келеді. Білім беру жүйесінде бұл үрдіс оқыту әдістерінің жаңаруына, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға және студенттердің заманауи дағдыларды меңгеруіне кең мүмкіндік ашуда. Университеттер тек білім беретін мекеме емес, инновация мен жаңа технологиялардың орталығына айналуы тиіс. Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект, Big Data, цифрлық платформалар болашақ мамандар үшін негізгі құзыреттердің біріне айналуда. Осы тұрғыдан алғанда, жоғары оқу орындарының цифрлық инфрақұрылымды дамытуы – уақыт талабы.
Президент атап өткендей, басты мақсат – адами капиталды нығайту. Бұл міндетті жүзеге асыруда университеттердің рөлі ерекше. Ғылыми әлеуетті арттыру, жас ғалымдарды қолдау, халықаралық тәжірибені енгізу арқылы ғана цифрлық экономиканың берік негізін қалыптастыруға болады.
Білім мен ғылым саласындағы цифрландыру – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың сенімді жолы. Сондықтан жоғары оқу орындары жаңа технологияларды меңгерген, өзгерістерге бейім, ойы озық мамандарды даярлауға басымдық беруде.
Осындай мемлекеттік шараларды жүзеге асыруда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің оқытушы-профессорлар қауымы да қажетті IT-мамандар мен жас ғалымдарды даярлау үшін білімі мен ғылыми туындыларын және жігерлі еңбегін қосуды өздерінің азаматтық борышы деп санайды.
Гүлнұр
ҒАЗИЗҚЫЗЫ,
ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің
әлеуметтік-тәрбие жөніндегі
декан орынбасары,
PhD
Басқа жаңалықтар