Көшпелілердің әскери ісін зерттеуші
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің 1990 жылғы түлегі, тарих ғылымының кандидаты, доцент Арман Жұмаділ мерейлі 60 жаста. Ол 1966 жылы 27 ақпанда Алматы қаласында белгілі қаламгер, жазушы Қабдеш Жұмаділовтің отбасында тұңғыш сәби ретінде дүниеге келеді. Қаладағы №12 орта мектептің түлегі. Мектептен соң университетке түсіп, арасында екі жыл әскери борышын өтеп, одан кейін оқуын жалғастырып, 1990 жылы «тарихшы және қоғамтану пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шығады. 1990-93 жылдары ол ҚР ҰҒА Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтында ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастады. 1993 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетіне, өзі маманданған Қазақстан тарихы кафедрасына оқытушылық қызметке ауысты.
Арман Қабдешұлы алғашында қазіргі кезеңдегі этнология мәселелерімен айналысса, тарихи тақырыптарға роман жазып жүрген әкесі Қабдеш Жұмаділовтің кеңесімен Отан тарихының мәселелеріне мойын бұрады да, «Ежелгі және орта ғасырлардағы Ұлы дала көшпелілерінің әскери ісі мен қару-жарақтары» атты тақырыпты таңдайды. 2010 жылы «Евразия көшпелілері әскери ісінің тарихнамасы» атты тақырып бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Алғашқы ғылыми жетекшісі – профессор Д.Дулатова, ол марқұм болғаннан кейін профессор Т.Омарбеков болды.
Ол бірнеше монографияның және 100-ге жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік мақалалардың авторы. Олардың ішінде «Евразия көшпелілерінің әскери ісі: тарихнамалық талдау». / Монография. – Алматы: Қазақ университеті, 2014. – 272 бет. (орыс тілінде); «ХVI ғасыр мен ХVII ғасырдың алғашқы отыз жылындағы қазақ-жоңғар саяси-әскери қарым-қатынастары». Алматы: – 2015. (орыс тілінде) еңбектерінің маңызы зор. Сонымен бірге Арман Қабдешұлы «Көшпелілердің әскери ісіне қатысты далалық құқық нормалар мен әдет-ғұрыптар», «Қазақтардың әскери ісі», «Становление Российской дореволюционной историографии кочевников Евразии», «Бабалар даңқына лайық болайық», «Роль степной военной школы в мировой истории», «Қазақтардың әскери ісі мен қару-жарағы» және тағы басқа көптеген қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ғылыми мақалалардың авторы. Бұл еңбектер Арман Қабдешұлын ғылыми ортада зерттеуші маман ретінде мойындатты.
Арман Жұмаділ ұзақ жылдар университеттің тарих факультетінде, университет көлемінде басшылық қызметтер атқарды. Ол он шақты жыл тарих факультетінде профессор Ж.Таймағамбетов, профессор А.Алтаев декан қызметтерін атқарған кезде декан орынбасары болды. Тіпті бірнеше рет уақытша декан міндеттерін де атқарды. Ал 2014-16 жылдары тарих факультетінің деканы болды. Сонымен қатар университеттегі оқытушы-профессор құрамының «Парасат» кәсіподағы төрағасының орынбасары қызметін қоғамдық негізде абыроймен қоса атқарды.
Қазіргідей интернет дамыған заманда әлеуметтік желі жаңа бір ақпараттық, идеологиялық, мәдени-рухани, тіпті керек десеңіз, ғылыми кеңістіктерді қалыптастырып, қоғамдық ой-сана мен қоғамдық пікірлерге қатты әсер етіп отыр. Тарихшы Арман Қабдешұлы да өзінің оқытушылық-ғылыми жұмыстарымен қатар, осы кеңістікте екі тілде қазақ тарихына, оның ішінде өзекті, даулы мәселелер бойынша өзіндік ойларын білдіріп, керек десеңіз, өте шовинистік, евроцентристік тұрғыдағы пікірлерге қарсы ойлар айтып, ұлттық намысты қорғап жүр. Оның өзекті тарихи тақырыптарға арналған сұхбаттары, хабарламаларына көпшілік ерекше назар аударып, қызыға көріп, риза болуда.
Қазіргі таңда Арман Қабдешұлы «Жазушы Қабдеш Жұмаділов атындағы Халықаралық қордың» төрағасы міндетін атқарады. Бұл істі әке аманатына адалдық деуге толық негіз бар. Осы жолда Арман Қабдешұлына табыстар мен жеңістер тілейміз!
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҚР ҰҒА академигі
Басқа жаңалықтар