Көшпелілердің әскери ісін зерттеушіFarabi University
Референдум 15 марта

Көшпелілердің әскери ісін зерттеуші

27 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің 1990 жылғы түлегі, тарих ғылымының кандидаты, доцент Арман Жұмаділ мерейлі 60 жаста. Ол 1966 жылы 27 ақпанда Алматы қаласында белгілі қаламгер, жазушы Қабдеш Жұмаділовтің отбасында тұңғыш сәби ретінде дүниеге келеді. Қаладағы №12 орта мектептің түлегі. Мектептен соң университетке түсіп, арасында екі жыл әскери борышын өтеп, одан кейін оқуын жалғастырып, 1990 жылы «тарихшы және қоғамтану пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шығады. 1990-93 жылдары ол ҚР ҰҒА Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтында ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастады. 1993 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факуль­те­тіне, өзі маманданған Қазақстан тарихы кафедрасына оқытушылық қызметке ауысты.

Арман Қабдешұлы алға­шын­да қазіргі кезеңдегі этно­ло­гия мәселелерімен айна­лыс­са, тарихи тақырыптарға ро­ман жазып жүрген әкесі Қаб­деш Жұмаділовтің кеңесімен Отан тарихының мәселелеріне мойын бұрады да, «Ежелгі және орта ғасырлардағы Ұлы дала көшпелілерінің әскери ісі мен қару-жарақтары» атты та­қырыпты таңдайды. 2010 жылы «Евразия көшпелілері әскери ісінің тарихнамасы» атты та­қырып бойынша кандидаттық дис­сертациясын сәтті қорғап шықты. Алғашқы ғылыми же­тек­шісі – профессор Д.Ду­ла­това, ол марқұм болғаннан ке­йін профессор Т.Омарбеков бол­ды.

Ол бірнеше монографияның және 100-ге жуық ғылыми, ғы­лыми-көпшілік мақалалардың авторы. Олардың ішінде «Ев­ра­зия көшпелілерінің әскери ісі: тарихнамалық талдау». / Мо­но­графия. – Алматы: Қазақ уни­верситеті, 2014. – 272 бет. (орыс тілінде); «ХVI ғасыр мен ХVII ғасырдың алғашқы отыз жылындағы қазақ-жоңғар сая­си-әскери қарым-қаты­нас­та­ры». Алматы: – 2015. (орыс ті­лін­де) еңбектерінің маңызы зор. Сонымен бірге Арман Қаб­дешұлы «Көшпелілердің әс­ке­ри ісіне қатысты далалық құ­қық нормалар мен әдет-ғұ­рып­тар», «Қазақтардың әс­ке­ри ісі», «Становление Россий­ской до­ре­волюционной ис­то­рио­гра­фии кочевников Евразии», «Ба­балар даңқына лайық бо­лайық», «Роль степной воен­ной школы в мировой истории», «Қазақтардың әскери ісі мен қару-жарағы» және тағы басқа көптеген қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ғылыми мақалалардың ав­то­ры. Бұл еңбектер Арман Қаб­деш­ұлын ғылыми ортада зерт­теу­ші маман ретінде мо­йын­датты.

Арман Жұмаділ ұзақ жыл­дар университеттің тарих фа­куль­тетінде, университет көле­мін­де басшылық қызметтер ат­қарды. Ол он шақты жыл та­рих факультетінде профессор Ж.Таймағамбетов, профессор А.Алтаев декан қызметтерін атқарған кезде декан орын­ба­сары болды. Тіпті бірнеше рет уақытша декан міндеттерін де атқарды. Ал 2014-16 жылдары тарих факультетінің деканы болды. Сонымен қатар универ­си­теттегі оқытушы-профессор құрамының «Парасат» кәсіп­ода­ғы төрағасының орын­ба­сары қызметін қоғамдық не­гіз­де абыроймен қоса атқарды.

Қазіргідей интернет да­мы­ған заманда әлеуметтік желі жаңа бір ақпараттық, идеоло­гия­лық, мәдени-рухани, тіпті керек десеңіз, ғылыми кеңіс­тік­терді қалыптастырып, қо­ғамдық ой-сана мен қоғамдық пікірлерге қатты әсер етіп отыр. Тарихшы Арман Қабдеш­ұлы да өзінің оқытушылық-ғы­лыми жұмыстарымен қатар, осы кеңістікте екі тілде қазақ тарихына, оның ішінде өзекті, даулы мәселелер бойынша өзіндік ойларын білдіріп, керек десеңіз, өте шовинистік, евро­цен­тристік тұрғыдағы пікір­лер­ге қарсы ойлар айтып, ұлт­тық намысты қорғап жүр. Оның өзекті тарихи тақырыптарға арналған сұхбаттары, хабар­ла­маларына көпшілік ерекше назар аударып, қызыға көріп, риза болуда.

Қазіргі таңда Арман Қаб­деш­ұлы «Жазушы Қабдеш Жұ­маділов атындағы Халық­ара­лық қордың» төрағасы мін­детін атқарады. Бұл істі әке ама­на­тына адалдық деуге толық негіз бар. Осы жолда Арман Қаб­дешұлына табыстар мен же­ңістер тілейміз!

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА академигі