- Басты бет
- Қазақстан халқы Ассамблеясы
- Алғыс айту күні: этносаралық татулық пен әйелге құрмет мәдениеті
Алғыс айту күні: этносаралық татулық пен әйелге құрмет мәдениеті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында әртүрлі этнос өкілдері арасындағы өзара сыйластық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған «Әртүрлі этнос өкілдері арасында әйелге құрмет және алғыс білдіру мәдениеті» атты дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – қазақстандық қоғамдағы әйелдің рөлін, оның отбасы мен әлеуметтік ортадағы мәртебесін айқындай отырып, этносаралық татулық пен рухани құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ алғыс айту мәдениетін қоғамдық сананың маңызды бөлігі ретінде насихаттау болды.
Дөңгелек үстелге университетте қызмет ететін түрлі этнос өкілдері – жас оқытушылар, ғалымдар мен мамандар қатысты. Қатысушылар әйелге құрмет көрсету дәстүрлерінің тарихи-мәдени негіздерін, қазіргі қоғамдағы гендерлік мәдениетті қалыптастыру мәселелерін, сондай-ақ этносаралық өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады.
Дөңгелек үстел модераторы, Орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Алена Демченко өз сөзінде әртүрлі халықтардың әдебиеті мен мәдениетінде әйел бейнесі айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, әйелдің ана тілін, ұлттық дәстүрлерді және мәдени мұраны сақтаудағы миссиясына ерекше назар аудартты.
Басқосуда философия және саясаттану факультетінің аға оқытушысы Татьяна Морозова баяндама жасап, әйелге деген көзқарас қоғамның моральдық әрі әлеуметтік бағдарларын айқындайтынын жеткізді. Әртүрлі мәдениеттерде әйел өмірдің, қамқорлықтың және даналықтың символы ретінде танылып, отбасы мен қоғам құндылықтарын сақтауда жауапты тұлға екені атап өтілді. Баяндамада дәстүрлі түсініктерді қазіргі заманғы тең мүмкіндіктер қағидаттарымен үйлестірудің өзектілігі, сондай-ақ әйелдердің ғылымға, білім беру ісіне және қоғамдық өмірге белсенді қатысуының маңыздылығы жан-жақты қамтылды.
Шара барысында өзге де факультеттердің оқытушы-профессорлары баяндама жасап, әртүрлі этностар дәстүріндегі әйелге құрмет көрсетудің тарихи аспектілерін, отбасында сыйластық мәдениетін қалыптастыру ерекшеліктерін және әйелдердің ғылымға, кәсіби қызметке әрі қоғамдық өмірге қосқан үлесін кеңінен талқылады.
Қатысушылар қазіргі заманғы сын-қатерлерге – ғаламдану мен цифрлық трансформация үдерістеріне де назар аударды. Мұндай өзгерістер құндылықтар жүйесіне және адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас үлгілеріне ықпал ететіні баса айтылды. Өзгеріп жатқан әлем жағдайында рухани негіздерге сүйене отырып, студенттік ортада алғыс пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған Тұрақты даму мақсаттарымен тікелей үндеседі. Атап айтқанда:
– №5 мақсат – Гендерлік теңдікке қол жеткізу және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту;
– №10 мақсат – Теңсіздікті қысқарту, этносаралық және әлеуметтік үйлесімділікті нығайту;
– №16 мақсат – Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар, қоғамдағы сенім мен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру;
– №4 мақсат – Сапалы білім беру, жастар арасында құндылықтық бағдарларды дамыту арқылы жауапты азаматтық ұстанымды нығайту.
Іс-шара университеттің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, көпэтносты ортада өзара құрмет пен сенімді нығайтуға және тұрақты дамуға бағытталған бастамаларды қолдауға септігін тигізді. Университет ұжымы бұл бастама арқылы қоғамдағы бірлік пен өзара сыйластық құндылықтарын ілгерілетуге өз үлесін қосуды басты мақсат етіп отыр.

