«Сұңқар-сен» жобасы аясында бірінші курс студенттері таныстырылды және бюро төрағасының есеп беру кеші өттіFarabi University
Референдум 15 марта

«Сұңқар-сен» жобасы аясында бірінші курс студенттері таныстырылды және бюро төрағасының есеп беру кеші өтті

20 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультеті «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіптік бюросының ұйымдастыруымен «Сұңқар-сен» жобасы аясында бюро төрағасы Тәжібеков Арсен Алмасұлының есеп беру кеші және бірінші курс студенттерінің таныстыру кеші жоғары деңгейде өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің шығармашылық әлеуетін дамыту, жаңа ортаға бейімделуіне қолдау көрсету, факультеттегі ұйымшылдық пен белсенділікті арттыру, сондай-ақ кәсіптік бюроның атқарылған жұмыстары бойынша есеп беру болды. Шара ерекше «әуе ұшағы» форматындағы режиссерлік шешіммен ұйымдастырылып, қатысушылар мен қонақтарға ерекше атмосфера сыйлады.

Бағдарлама барысында көрермендер әр елге «саяхаттағандай» әсер алып, әр қойылым өзіндік мазмұны және көркемдік ерекшелігімен есте қалды. Бірінші курс студенттері өз өнерлерін көрсете отырып, шығармашылық қабілеттерін жаңа қырынан танытты: ән, би, театрландырылған көріністер және түрлі сахналық қойылымдар арқылы олардың таланты мен белсенділігі көрініс тапты. Бұл студенттерге сахналық тәжірибе жинауға, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдіруге және топтық жұмысқа үйренуге мүмкіндік берді.

Кеш барысында факультет студенттері арасында достық қарым-қатынас нығайып, ұйымшылдық, жауапкершілік және көшбасшылық қасиеттер қалыптасты. Сонымен қатар, шара жас буынның шығармашылық бастамаларын қолдап, олардың университет өміріне белсенді араласуына мотивация берді.

«Сұңқар-сен» жобасы студенттердің тұлғалық дамуына, мәдени-рухани тәрбиесіне және факультет ішіндегі бірлікті арттыруға бағытталған мазмұнды әрі нәтижелі іс-шара ретінде өз мақсатына толық жетті. Іс-шараның ұйымдастырылу форматы мен мазмұны білім алушылардың шығармашылық және көшбасшылық әлеуетін дамытуға ерекше серпін берді.

Бұл іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді, атап айтқанда:

– №4 мақсат – Сапалы білім беру: студенттердің практикалық дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін дамыту;

– №8 мақсат – Лайықты жұмыс және экономикалық өсу: жастардың көшбасшылық және ұйымшылдық қасиеттерін қалыптастыру;

– №16 мақсат – Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар: университет ішіндегі бірлікті және жауапкершілікті арттыру.

Жалпы алғанда, «Сұңқар-сен» жобасы студенттердің интеллектуалдық, шығармашылық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға, факультеттегі мәдени-рухани ортаны нығайтуға және жаңа студенттерді университет өміріне тиімді бейімдеуге маңызды үлес қосты.