Түркі академиясымен бірлескен жаңа жобалар айқындалдыFarabi University
Референдум 15 марта

Түркі академиясымен бірлескен жаңа жобалар айқындалды

4 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаевпен кездесті. Жүздесуге университет проректорлары, департамент директорлары мен факультет декандары қатысты. 

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты іс-қимылды кеңейту, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру және халықаралық деңгейдегі шараларды бірлесіп ұйымдастыру мәселелерін жан-жақты талқылады.

Кездесу нәтижесінде ҚазҰУ мен Түркі академиясының бірлескен іс-қимыл жоспары айқындалды. Атап айтқанда мамыр айында университет базасында өтетін түркологияға арналған халықаралық ғылыми конференцияның дайындық барысы нақтыланды. Аталған форум түркі халықтарының тілі, әдебиеті, тарихы мен мәдениетін кешенді зерттеуге бағытталып, жас ғалымдардың ізденістеріне серпін бермек. Ауқымды шараға алыс-жақын шетелдердің белгілі түркологтері мен тарихшылары қатысады деп күтілуде.

Сонымен қатар екі тарап түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, архивтік және қолжазба қорларын бірлесіп зерттеу, сондай-ақ ортақ монографиялар мен ғылыми жинақтар шығару мүмкіндіктерін қарастырды.

Жүздесу соңында ректор Жансейіт Түймебаев алдағы халықаралық конференцияның стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, университеттің іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге толық қолдау көрсететінін жеткізді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі