Кафедра меңгерушілері жаңа басқару тетіктерін меңгердіFarabi University
Референдум 15 марта

Кафедра меңгерушілері жаңа басқару тетіктерін меңгерді

4 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бастау алған «Академиялық басқару және білім беру сапасы: басшылар мен оқытушыларға арналған интенсив» атты эксперттік стратегиялық сессия күндері жалғасуда.

Ауқымды шара PROFESSIONAL WEEK – 2026 шеңберінде ұйымдастырылып, университет құрылымындағы басқарушылық сапаны жаңа деңгейге көтеруге бағытталды. Осы апталықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде Фараби кітапханасында  «Стратегия, рейтингтер, жауапкершілік: ғылыми қызметті басқарудағы кафедраның рөлі» атты сараптамалық-практикалық жұмыс панелі өтті.

Аталмыш бағыт кафедра деңгейіндегі стратегиялық жоспарлауды жүйелеуге арналып, факультет декандарының орынбасарлары мен кафедра меңгерушілерінің өкілдері университеттің стратегиялық мақсаттарын нақты кафедралық деңгейге дейін бөліп қарау тетіктерін меңгерді.

Стратегиялық дамыту орталығы мен Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент басшылары модераторлық еткен бұл жиында басты назар ғылыми бағытты басқарудың қолданбалы моделін әзірлеуге аударылды. Қатысушылар тек теориялық ақпаратпен шектелмей, SciVal, Scopus және Web of Science сияқты халықаралық платформалар арқылы 2020-2025 жылдардағы ғылыми қызметке кешенді талдау жүргізуді тәжірибе жүзінде іске асырды. Атап айтқанда FWCI көрсеткішін талдау, халықаралық ынтымақтастық деңгейін бағалау және Тұрақты даму мақсаттарына қосқан үлесті саралау арқылы факультеттердің ғылыми әлеуеті нақты деректермен негізделді. Бұл процесс кафедралардың жаһандық рейтингтердегі орнын нығайтып қана қоймай, Horizon Europe сияқты ірі халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.

Сессияның практикалық маңызы әр факультет үшін 5-7 негізгі KPI көрсеткішін айқындау және ішкі мониторинг жүйесін модельдеумен ерекшеленді. Топтық жұмыс барысында қатысушылар басқарушылық шешімдерді қорғап, «декан – кафедра меңгерушісі – оқытушы» тізбегі бойынша жауапкершілік матрицасын қалыптастырды.

Бұл жүйе стратегиялық индикаторлардан ауытқу болған жағдайда тиімді түзету тетіктерін дереу іске қосуға мүмкіндік береді. PROFESSIONAL WEEK – 2026 қорытындысы бойынша қабылданған бұл шешімдер университеттің 2026 жылға арналған нақты іс-қимыл жоспарының негізіне айналмақ. ҚазҰУ академиялық еркіндік пен қатаң стратегиялық тәртіпті ұштастыра отырып, зерттеу университеті мәртебесін жаңа мазмұндық деңгейде бекіте түспек.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі