ҚазҰУ-да Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай, «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік: гендерлік саясаттың заманауи басымдықтары» атты мерекелік шара өтті.
Салтанатты жиынға оқу ордасының ғалымдары, оқытушы-профессорлар құрамы, сондай-ақ Корея, Қытай, Мысыр және Жапониядан келіп, университетте дәріс беріп жүрген шетелдік оқытушылар қатысты.

Бүгінде қара шаңырақ ұжымының 70 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Ғылым жолында жүрген 966 әйел университетте табысты еңбек етіп келеді. Оқу ордасындағы 647 ғылым докторының 472-сі – әйелдер. Сонымен қатар 697 ғылым кандидатының 412-сі және 588 PhD доктордың 444-і – нәзік жандар. Студенттердің де 40 пайызға жуығын қыздар құрайды.

Салтанатты кешті ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, әйелдердің қоғам мен ғылымдағы орнына ерекше тоқталды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстанды құру ісінде әйелдердің белсенділігі – шешуші фактор. Біз әйелдердің саяси және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту арқылы ғана тұрақты дамуға қол жеткізе аламыз», – деп атап өткен болатын. Қазіргі әйелдер қауымы, оның ішінде ҚазҰУ әйел-аналары тек шаңырақтың берекесі ғана емес, ол – білікті маман, табысты ғалым және шешім қабылдайтын саяси тұлға.

Халықаралық аренада Біріккен Ұлттар Ұйымы – әйелдер құқықтарын қорғаудың басты жаһандық қозғаушы күші. Тұрақты даму мақсаттарының бесінші бағыты толықтай гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге арналуы да символдық мәнге ие. Біздің қара шаңырақ үшін әйел-ғалымдар – ғылымның шыңы, білімнің шырағы және зиялылықтың эталоны», – деді ректор.

Мерекелік шара аясында университет дамуы мен ғылым саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін бір топ әйел-оқытушылар мен ғалымдар ҚазҰУ-дың «Әл-Фараби» алтын медалі және «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Алғыс хаттармен марапатталды.

Жиын университет азаматтары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш соңында барлық қатысушыларға университет басшылығы атынан мерекелік гүл шоқтары табыс етілді.









Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар